Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінде жаңа журналдың тұсауы кесілді.
ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының 30 жылдығы мен «Алтайдың дәнекері» әдеби бірлестігінің 100 жылдығы аясында өңірлік мәдениет басқармасының бастамасымен Ресей Жазушылар Одағының Қазақстандағы мүшелері бірлестігі және Шығыс Қазақстан жазушылары мен ақындарының орыс тілінде жазған 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітап «Казцинк» ЖШС қаржылай қолдауымен шығып отыр. Сондай-ақ «Алтай ИзумРудный» атты жаңа журнал ашылды.
Кітап пен журналдың тұсаукесері Өскемен қаласында өтті. Оған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Алтай ИзумРудный» журналының редакторы Геннадий Пуссеп келіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
Салтанатты шара Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының басшысы Эльдар Төлеубекұлының құттықтау сөзімен басталды. Содан соң Достық үйінің этномәдени бірлестіктері мүшелерінің әзірлеген концерттік нөмірлері шараның көркін ашты.
«Жаңа журнал беттерінде шығысқазақстандықтардың шығармалары, поэзия мен проза, қазақ тілінен аудармалар, өлкетану материалдары, балаларға арналған ертегілер, өнер қайраткерлерімен кездесулер мен мұрағаттар туралы есептер беріледі. Сонымен қатар журналда Достық үйіне арналған айдар енгізілген», - деп хабарлады ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығынан.
Шараға мектеп, қалалық, облыстық кітапхана қызметкерлері, музей мамандары, мұғалімдер, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.