Төрткіл дүниеге өрт шарпыған қамыстай тез тараған коронавирус кеселіне әлі де тосқауыл қойылмай тұр. Қауіпті дерт жайлаған қысылтаяң шақта тасада қалмай бұқараға бір кісідей көмектесіп жүрген волонтерлер де аз емес. Солардың бірі – ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының еріктілері. Buqara.kz сайты тілшісінің аталмыш орталық директорының орынбасары Равиль Юнусовпен сұхбаты жігерлі жастардың жұмысы жайлы.
- Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының еріктілері Төтенше жағдай кезінде қандай жұмыстар атқаруда? - Жұқпалы індеттің жұрт арасында жылдам таралуын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде тиісті шараларды қабылдады. Өскемен мен Семей қалаларында 2 сәуірден бастап қосымша шектеулер енгізілген болатын. Сол сәттен бастап біздің еріктілер атқа қонды. Қазыналы қарттарға, көпбалалы жанұялар мен мүгедектерге азық-түлік жеткіземіз. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық маскаларды мұқтаж жандарға таратамыз. Достық үйінде этномәдени бірлестік бар. Олар жан-жақтан қиындыққа тап болған жанұяларды анықтап, бізге ақпарат береді. Осындай сын сағатта қалайша тасада қаламыз?! Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етсек алынбайтын қамал жоқ.
- Жалпы осындай шараларға қанша волонтер тартылған?
- Облыс бойынша 600-ге жуық волонтеріміз жұмыс істеуде. Өскемен қаласындағы еріктілердің саны 100-ден асады. Олардың қатарында түрлі этнос өкілдері кездеседі. Қазақ, орыс, беларус, украин, татар, шешен, армян, әзербайжан тағы басқа ұлттардың жастары жұмыла жұмыс істеп жатыр. Біздің ұлтымыз әр түрлі болса да түпкі мақсатымыз біреу. Ол – қоғамға пайдамызды сіңіру, қарапайым халыққа көмек көрсету.
- Волонтерлер жылында қандай жоспарларыңыз бар?
- Төтенше жағдай аяқталғанша, осы мақсаттағы шараларды атқара бермекпіз. Ал содан кейін ойға алған істеріміз аз емес. Жастар арасында волонтерлікті насихаттап, қазір қатарымызда жүрген еріктілер үшін семинар-тренингтер өткізуді көздеп отырмыз. Апта сайын экологиялық сенбілікке шықпақпыз. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жастарды ұлы ақынның мекені болған Жидебайға апару жоспарда бар. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары мен түрлі флешмобтар ұйымдастырылады. Жыл соңында өзін жақсы қырынан көрсеткен үздік волонтерлер марапатталатын болады.
- Ерікті болғысы келетін адамның бойында қандай қабілеттің болғаны жөн?
- Кез келген адам волонтер бола алады. Бірақ ол үшін оның бойында мейірім мен жанашырлық болуы керек деп есептеймін. Айналасында орын алып жатқан сан алуан жағдайларға немқұрайлылық танытпай, біреуге көмектесуді өмірлік міндеті деп санаса құба-құп.
- XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек?
- Бүгінгі заман жастарының білімге құштар болғаны абзал. Мектептегі, университеттегі оқумен шектеліп қалмай, өзіңді үнемі дамытып отыруы қажет. Себебі артық білім болмайды. Түрлі кітап оқып, шыңдала түс. Жұмыс істеп жүрген мамандығыңды ғана игеріп қоймай, басқа да салалардан хабардар болсаң артық етпейді.
- Сұхбатыңызға көп рақмет.
Әділхан ЕСІМХАНОВ