Шығыс Қазақстан облыстық Драма театрында директор Д. Ұябайдың бастамасымен «Сыншылар апталығы» ұйымдастырылып, оған Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан театр сыншылары доцент, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Қабдиева мен доцент, өнертану кандидаты М.Жақсылықова арнайы шақыртылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының т ілшісі ШҚО Драма театрының баспаөз хатшылығына сілтеме жасап.
Театр сыны – кәсіби қазақ театры дүниеге келгеннен бастап пайда болып, қазіргі таңға дейін қалыптасып жатқан маңызды салалардың бірі. Қарапайым сөзбен айтқанда, театр сыншысы – өнер барометрі іспеттес, себебі дәл осы мамандар арқылы «өз қазанында өздері қайнап жатқан» театр ошақтарының деңгейі, режиссерлер мен актерлердің біліктілігі сарапталып, болашақта ескерілуі тиіс тұстар айтылады.
Төрт күн бойы театр мамандары арнайы репертуар бойынша үш театрдың тоғыз қойылымын тамашалап, әр спектакльді талқылап, режиссер, актер, сахна мен костюм үлгісінің суретшілеріне өздерінің тілектерін білдіріп, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар беріп өтті. Бұдан бөлек, шетелдердегі театр фестивальдеріне жиі шақырылатын театртанушы С. Қабдиева әлемдік театр процесінде болып жатқан үрдістер мен жаңалықтарды атап өтіп, спектакльдерден қысқаша үзінділер көрсетті. Бұл да өз кезегінде шығармашылық адамдарының танымдық деңгейлерін арттырып, заманға сай театр әлеміне басқа қырынан қарауға септігін тигізді.
– Актерлер мен режиссерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, репертуардағы спектакльдердің көркемдік деңгейін жоғарлату мақсатында ұйымдастырылған бұл шара болашақта да өз жалғасын тауып, дәстүрге айналады деген сенімдеміз, ؘ– деп хабарлайды театрдың баспасөз хатшылығы.