Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, әр мемлекет Мажарстанда өтетін бәсекеде татамиге беттейтін спортшылар есімін жариялауда. Ел құрамасы ұсынған мәліметке сүйенсек, құрамада екі шығысқазақстандық дзюдошы бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салмақ дәрежелері сол қалпында. Естеріңізде болса, осыған дейін үржарлық Ерлан Серікжанов әлі салмақ ауыстыруды ойлап жүрмегенін мәлімдеген болатын. Айтуынша, 66 келіде әлі бағындырар белестері бар, жоспарлары да жетерлік. Аталған тізімде өзіміз тілге тиек етіп отырған Ерлан Серікжанов пен 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев жүлде үшін жарыс жолына шығады деп көрсетілген.
Ұзақ уақыт үзілістен кейін Мажарстан астанасы Будапеште өтетін аламан талай татами шебері үшін сынақ болары сөзсіз.
Жалпы, Үлкен Дулығада 19 спортшы ел намысын қорғайды. Әлемнің әр түкпірінен 650-ге жуық атлет келеді деп күтілуде. Аталған дода қазан айының 23-25 аралығында өтеді.