ШҚО дзюдошылары Тель-Авив татамиінде бақ сынайды

570
көрілім

2020 жылдың алғашқы ірі додасы Израиль астанасы Тель-Авивте жалауын көтермек. Байрақты бәсекеде бақ сынайтын құрама сапынан жерлестеріміз де орын алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Гран-При турнирінде рейтингілік ұпайлар жинап, тұғыр сатысынан орын алуға барын салатын спортшылар саны – 20. Ерлер – 7, бұрымдылар 6 алты салмақта татамиге беттейді. Ұлттық құрама сапынан ойып тұрған Анна Казюлина 52 келіде, Зере Бектасқызы 70 келі дәрежесінде өз мүмкіндігін байқайды. Соңғы уақыттары бірнеше сайыста жүлдегер атана алмай жүрген үржарлық Ерлан Серікжанов (66 келі) пен семейлік Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) бұл жолы бапкерлік құрамның сеніміне кіріп, жүлде үшін жарыс жолына шығуға мүмкіндік алып отыр. Мамандар әлемдік аламанға жаһанның әр түкпірінен 630-ға жуық татами шеберлері келеді деп болжауда.

Естеріңізге сала кетейік, жарыс жеңімпаздары – 700, күміс жүлдегерлер – 490 және үздік үштікті түйіндегендер 350 ұпайға ие болады. Аталмыш сайыс қаңтар айының 23-25 аралығында өтеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ