ШҚО дзюдошылары Жастар ойынында сәтті белдесуде

541
көрілім

Алдымен еркін күрес палуандары, сосын дзюдошыларымыз бар мүмкіндіктерін паш етуде. Орал қаласында өтіп жатқан V Жастар ойынында шығысқазақстандық татами шеберлері үш мәрте тұғыр сатысының ең биігінен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Асқар Арқабай, Думан Бұғылбаев, Бауыржан Халелов сынды тәжірибелі бапкерлер бастап барған спортшылар қазіргі уақытқа дейін үш салмақта жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, 73 келіге дейінгі салмақта Серікбол Естай, 66 келіге дейінгі дәрежеде Ануар Жұмагелдин және 63 келі дәрежесінде Кристина Сотникова қарсылас шақ келтірмеді. Серікбол шешуші сында қарағандылық Атабек Тұрлыбаевты, Кристина қостанайлық Самалай Ерғалиеваны, ал Ануар Алматы облысының үздігі Бекзат Әбіләкімнің осал тұсын тауып, облыс құрамасына алтын медаль әперді. Ал финалдық кездесулерге өте алмай, сынық сүйем қалғанда сүрінген Есентай Имаханов (60 келі), Балнұр Әбдешова (52 келі), Мөлдір Бейсенова (57 келі), Роза Нысантайқызы (70 келі) қола медаль иеленсе, әзірге жалғыз күміс жүлдені Нұржаз Сәбиолла (78 келі) еншіледі.