ШҚО дзюдошысы әлемдік рейтингіде үздік ондықтан сырғыды

381
көрілім
Фото olympic.kz сайтынан

Жерлесіміз Ерлан Серікжанов халықаралық дзюдо федерациясы ұсынған жаңартылған рейтингіде төмендей түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үржарлық спортшы өткен жылы 66 келі салмақта 8-9 сатыда тұрған болатын. Алайда соңғы қатысқан сайыстарында жүлдегер атанудың сәті түспегендіктен жинаған ұпайы да ұлғаймады. Бұл ретте, жерлесіміздің сыралғы қарсыластары рейтингілік турнирлерде болмағанда бесінші, жетінші орындар иеленіп, әлемдік рейтингідегі жағдайларын біршама жақсартып алды. Ресми сайт дерегіне сүйенсек, жерлесіміз 11-ші сатыға жайғасқан. Яғни осыған дейінгі рейтингілік тізімнен екі саты төмен сырғыды. Десе де Серікжанов қаңтар айының соңында Израильде өтетін әлемдік Гран-При кезеңінде сәтті өнер көрсетсе, үздік ондыққа енуіне мүмкіндік жоғары. Себебі қазір оныншы орында тұрған украин дзюдошысы Георгий Зантараяның жинаған ұпайы – 3575. Ал жерлесіміз одан небәрі 5 ұпайға қалып тұр. Десе де Израиль татамиінде бақ сынайтын құрама тізімі ресми түрде жарияланбағандықтан әзірге кесіп айтуға мүмкіндік болмай тұр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ