ШҚО әкімдігінде өткен жиналыста бірқатар мәселе талқыланды

333
көрілім

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде өңірде 2020-2025 жылдарға арналған ҚР тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалуы, сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыға салынды. Жиналысқа аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Әкімдік отырысын бастамас бұрын облыс әкімі екі басқармадағы жаңа басшыны таныстырды. Атап айтсақ, Асқар Можанов Спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Асқар Байжігітұлы 1973 жылы 13 маусымда Өскемен қаласында дүниеге келген. 1995 және 2010 жылдары С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Денешынықтыру және спорт», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша аяқтаған. 1995-2004 жылдар аралығында «Алтай» кәсіби-спорттық клубы директорының орынбасары қызметін атқарды. 2004-2009 жылдары Өскемен қалалық Дене шынықтыру және спорт, білім және спорт, Спорт және туризм бөлімдерін басқарды.
2009 жылдың мамырынан 2011 жылдың қазаны аралығында облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып қызмет етті. 2011 жылдың қазанынан облыстық Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды.
Ал Серікхан Нұртазин Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды. Ол Аягөз қаласында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған. Мәскеудегі Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Халықаралық экономикалық ынтымақтастық» мамандығы бойынша бітіріп, кейін магистратурадағы оқуын үздік аяқтады. Еңбек жолын мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық басқармасында бастаған. Туризм басқармасында бөлім басшысы, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Басқармалар тізгінін ұстағандар таныстырылғаннан кейін жиналыс басталды. Ең әуелі тіл саясаты сөз етілді. ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, тіл саясатын іске асыру үшін 2025 жылға дейін іс-шаралар жоспары бекітілген.
- Жұмыс 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар латын әліпбиі графикасы негізінде қазақ тілін жаңғырту, мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде рөлін күшейту және Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту. Осындағы бірінші бағыт аясындағы жұмыстар әліпбидің түпкілікті нұсқасы бекітілгеннен кейін жалғасын табады. Бүгінде облыс бойынша қазақ тілін оқыту үшін 8 Тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Ондағы оқытушылар саны – 35. Өткен оқу жылы 1200-ден астам тыңдаушы білім алды, – деді ол.
Өңір халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебінде 5 этностың тілі оқытылып жатыр. Атап айтқанда, орыс, корей, қытай, неміс, түрік тілдері.
- Көшелердегі жарнама баннерлері мен билбордтарда мемлекеттік тілде кеткен қателерді түзету мақсатында арнайы айлық өткізілді. Соның барысында 575 кәсіпкерлік нысаны тексеріліп, 41 бұзушылық анықталды. Меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қателіктер түзетілді, – дейді басқарма басшысы.
Екінші сүтті мал шаруашылығының жайын ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов мәлім етті.
- Облыс аумағының кеңдігі және бай табиғи ресурстардың арқасында сүт шаруашылығын дамытуда мол мүмкіндіктерге ие. Сүт өнімдерін өндіру көлемі бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада алтыншы орында. Еліміздегі жетекші 5 сүт өндірушілердің қатарында 17 мың тонна сүт көрсеткішімен «Камышенское» шаруа қожалығы және 13 мың тонна сүт көрсеткішімен «ОХМК» қожалығы кіріп отыр, – деді ол.
Соңғы 3 жылда өңірімізде сүт өндіру көрсеткіші жыл сайын 5 пайызға өсіп келеді. Осы жылдың 8 айында барлығы 350,3 мың тонна сүт өндірілген. Облыстағы сегіз шаруа қожалығында табындарды басқару және бақылау жүйесі, малды санау жүйесі, малдың денсаулық жағдайын есепке алу жүйесі сынды заманауи жүйелер іске қосылған.        
Бұдан бөлек, жиын барысында медициналық мекемелердегі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету туралы, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға дайындық барысы сөз етілді. Отырыс соңында аймақ басшысы Ермек Көшербаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Асқар ТҰМАРБЕК