Сәуір айының 9-ы күні облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары, арнайы мониторингтік топтың мүшелері және «Шығыс-Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі қатысты.
Кеңес барысында облыс әкімі Даниал Ахметов бекіткен ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру шеңберінде 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары тармақтарының орындалуы туралы ақпарат жеткізілді.
Сондай-ақ келесі үш жылдық кезең 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасын дайындау барысы туралы айтылды
Жаңа құжатта БҰҰ, ЭЫДҰ және ГРЕКО стандарттарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан әрі жаңғырту бойынша Мемлекет басшысының нұсқауларын іске асыруға бағытталған бастамалар көрсетілген.
Жоспарды кешенді іске асыру мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын едәуір арттырады, олардың сервистік модельге көшуіне елеулі серпін береді, қоғамдық бақылау әлеуетін күшейтеді, Мемлекеттік басқарудың маңызды салаларындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуын үйлестіру жұртшылықты кеңінен тарта отырып, жаңа форматта жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, кеңес барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді.
«Жақында әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретін бекітетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске түзетулер қолданысқа енгізілді», – деді Ерлан Жалмағамбет.
Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығы берілгенін атап өтті. Олардың ішінде Кодекстің барлық 6 Сыбайлас жемқорлық баптары (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы 2 құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік не қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты 7 құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.
Осылайша, Ерлан Жалмағамбеттің бастамасымен бүгінде Агенттіктің қарамағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті құралдардың барлық спектрі бар.
Кеңес соңында облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаев мемлекеттік органдардың барлық басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтау керектігін ескертті және бірқатар нақты тапсырмалар берді.