ШҚО әкімдігінің отырысында тұрғын үй құрылысы сөз болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, осы жылдың соңына дейін 317 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл - үш мыңға жуық пәтер.
«2023 жылы осы көрсеткішті сегіз мың шаршы метрге дейін арттыру жоспарлануда. Жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан коммерциялық тұрғын үйге де сұраныс бар. Бүгінде 64 үйге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Өскеменнің 22-ші шағын ауданында құрылыс жұмыстары үшін жер учаскелері ресімделуде», - деді ШҚО әкімі
«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша өңірде 126 үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан ауылдарында көпбалалы отбасылар үшін тағы 58 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ жиын барысында Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушыларына мемлекеттік тілді үйрету үшін тіл лагерьлері ашылатындығы айтылды.
«Бүгінде тіл саясаты мәселесі өзекті. Ауызекі қазақ тілін үйретуге ерекше назар аудару қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, қалада оқитын балаларды жазда ауылдардағы қазақ отбасыларына жіберіп, тілдік ортаға енгізген жөн. Яғни, тіл лагерьлерін ашуымыз керек. Ал әртүрлі этностардың өз ана тілдерін үйренуі үшін бізде барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді», - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ жиналыста білім саласын цифрландыру мәселесі талқыланды. Өңірдің барлық мектебінде IT және робототехника сыныптары жұмыс істеп тұр.
«Білім беру мекемелері бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен толықтай жабдықталған. Digital East қосымшасы арқылы ата-аналар да бақылау жасай алатын бағдарлама енгізілуде. Бұдан бөлек, оқушыларымызды цифрлық оқыту әлемдік үрдістер мен стандарттарға сай болуы үшін де арнайы бағдарлама әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылады», - деді аймақ басшысы.