Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңір халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
- Республика күні қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан шығысқазақстандықтарға мемлекеттік наградаларды табыс еттім. Аталмыш тізімде дәрігерлер, мұғалімдер, өндірістің озық шеберлері мен қоғам қайраткерлері ғана емес. Бұл адамдар - көпке үлгі болатын өз ісінің майталмандары. Яғни марапатқа нағыз лайықты тұлғалар. "Парасат" орденімен Ольга Кузовлева, Сейілжан Сайлаубаев және Рая Рахимова марапатталлы. Олардың есімдері облысымызда өте танымал. "Құрмет" ордені Бақытбек Қизатовқа, Әбілдабек Сақалбаевқа, Нұрлан Қасымхановқа берілді. Біздің 20-дан астам көрнекті жерлестеріміз Қазақстан Республикасының ордендерінің, медальдарының және Құрмет грамоталарының иегерлері атанды. Барша марапат иелерін құттықтай отырып, амандық пен құт-береке тілеймін!, - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Өз сөзінде ол бұл ұлттық мереке еліміздің барлық азаматтарын бір шаңырақ астында біріктіріп отырғандығын жеткізді.
- Отанымызға деген сүйіспеншілік - рухани құндылықтарды бағалау, елдігіміз бен бірегейлігімізді ардақтау. Қазақстанымыздың өркендеуі мен гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету - біздің қолымызда. Өйткені бұл - біздің Отанымыз, ортақ үйіміз, ата-анамыз бен балаларымыздың туған жері. Шығысқазақстандықтар Қазақстан тауына жүгіруді Республика күніне арнады. Кәсіби спортшылар қатар әуесқойлар да шамамен 1,5 км қашықтыққа шықты. Еңбек ұжымдары мен түгелдей отбасылар келді. Олар өз жеңістерін туған еліне арнап, кез-келген шыңдарды жеңуге дайын екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аймақтың орталық алаңдары мен көшелерінде мерекелік көңіл-күй орнап, көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Құрметті жерлестер! Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке ізгіліктің, бірлік пен елдіктің нышаны. Әр шаңыраққа амандық пен бақыт, құт-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік болсын!, - деді Ермек Көшербаев.