ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аймақта ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді қолға алып, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үкімет отырысынан кейін әкімдікте өткен жиналыста ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, оларды қайта өңдеу сияқты бірқатар мәселелер қозғалды.
- Облыс аумағында өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы айтарлықтай жоғары. Мысалы, жергілікті сүт өнімдерінің сапасы шетелдік өнімдерден артық түспесе кем емес, ішкі нарықты жоғары сұранысқа ие. Осылайша ет сынды басқа да бағыттарды дамытуға ден қою қажет – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Аймақ басшысы ауылшаруашылық ошақтарын дамытып қана қоймай, өнімдерді жарнамалау және маркетингтік жолмен қолдау көрсетілуі қажеттігін де еске салды. Осылайша жеке кәсіпкерлерге өнімдерін брендке айналдыруда қолдау көрсетілмек.
Сондай-ақ, облыс әкімі қала ішіндегі туризмді қолға алуды тапсырды. Шетелдік туристерге арналған нысандардың әлеуетін арттырып, ақпараттық базасын қалыптастыру қажет. Яғни қала аумағындағы қонақ үй кешендерінің саны, мәдени - тарихи нысандарда сервис сапасын арттыру міндеті тұр.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі