Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі оқушылар шығармашылық сарайына барды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
- Бүгін облыс орталығындағы оқушылар шығармашылық Сарайына барып, бағыт-бағдарымен, тынысымен танысып қайттым. Орталықта балалардың жан-жақты дамуына, әр бағытта қанаттануына барынша жағдай жасалған. Мұнда би және театр студиялары, жас көшбасшылар мен геологтар клубы бар. Яғни балалардың шығармашылық, интеллектуалдық дамуына қолайлы орта қалыптасқан. Ең бастысы, Сарайда білікті әрі тәжірибелі оқытушылар құрамы қызмет етуде. Олар оқушылардың дамуымен қатар, түрлі байқауларда жеңімпаз атануына жолдама беруде. Әр кабинет пен үйірмелер сыныбында шығармашылық сарын байқалуда. Бұл балаларымызға өте қолайлы, тиімді. Сонымен қатар, мұнда отбасы мен балалық шақты қолдау орталығы жұмыс істейді, - деп жазды әкім өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Тәулік бойы 18 маман қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға, ата-аналарға көмек көрсетіп, кеңес береді. Арнайы сенім телефоны да бар.
- Сарапшы мамандар қысым көрсету, үрей, ата-аналармен тиімді қарым-қатынас орнату, ортаға бейімделу сияқты мәселелер бойынша кеңес береді. Орталық қызметкерлері әрдайым мектеп психологтарымен байланыста болып, уақтылы көмек көрсетуге бейімделген. Әрине, мұндай қызмет түрлері қоғам үшін өте маңызды екені сөзсіз, - дейді Ермек Көшербаев.