Өскемен қаласының 19-шағын ауданында саябақ салу туралы облыс әкімі Даниал Ахмметов өткен жылы тапсырма берген болатын. Алайда күні бүгінге дейін құрылыс жұмыстары түгілі, нысанның жобалық сметалық құжаттары да дайындалмаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Өткен жылы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Өскемен қаласының әкімімен бірлесе отырып, облыс орталығының 19-шағын ауданындағы бос аумағына саябақ салуды тапсырғанмын. Бір жыл өтті. Ешкім де осы бағытта жобалық-сметалық құжат жасауды қолға алған жоқ, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, саябақ 1,6 га аумақты алады. Қала әкімдігі мен құрылыс басқармасын сынға алған облыс әкімі 1 қыркүйекке дейін саябақ ашылуы керектігі жөнінде нақты тапсырма берді.
– 19-шағын ауданда тура бір айдан кейін мен алғашқы көшеттердің отырғызылып жатқанын көруім керек. Ал 1 қыркүйекте бұл саябақ ашылуы тиіс. Адамдарға жайлы жағдай жасалуы керек, – деп түйді облыс әкімі.