ШҚО әкімі Жаңа Қанай ауылындағы психикалық денсаулық орталығының жаңа корпусы ашылатынын мәлімдеді

756
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Ұлан ауданына қарасты шағын ауылдағы нысанның кетеуі кетіп, тозығы жеткен. Өңір басшысы бұған қатысты нақты қадамдар жасалатынын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан әкімдігіндегілердің сөзінше, нысанның бірнеше корпусы бар. Дегенмен науқастар саны азайып, қазір әйелдер корпусына жинақталған. Ресми ақпаратқа сәйкес, енді бұл жердегі жағдай өзгереді. Өңір басшысы Ермек Көшербаевтың сөзінше, әр саланың жауапты тұлғалары жұмысқа білек сыбана кіріссе, мұндағы мәселені шешу қиындық әкелмейді.

- Бұл маңызды тақырып. Неше жылдан бері шешімі табылмай келе жатыр. Бұлай болмайды, мұнда ем алып жатқандар біздің азаматтарымыз. Осы қалпында жатқызып қойған жарамас, тығырықтан шығар жол – нысанды толығымен сүріп тастау. Сұрқы қашқаннан болар, көбінің жағдайды түзеуге батылы бармаған сияқты, - деді Ермек Беделбайұлы.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ерлер мен әйелдер бөліміндегілерді қосқанда 46 адам ем қабылдап жатыр. Өңір әкімі тиісті жұмыс көп шығын келтірмейтінін айтты. Жаңа корпус бой көтерсе, Бозанбай ауылындағы дәл осындай орталықтағы жүктемені азайтуға мүмкіндік туады. Одан бөлек, кезекте 93 адам тұрған көрінеді. Дұрыс шешім қабылдау үшін бұған жауапты мамандар есеп-қисабын облыс әкіміне ұсынулары тиіс. Дәрігерлік, техникалық және қызмет көрсету персоналдарын назардан тыс қалдырмау керек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ