ШҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

487
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметовтің өкімімен облыс әкімінің орынбасары қызметіне Әлішер Мархабат тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Әлішер Мархабат 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Еңбек жолын ҚР сыртқы істер министрілігінде бастаған. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Протоколының сарапшысы және кеңесшісі қызметтерін атқарды. Одан кейін ҚР Парламент сенаты аппаратының және республикалық жоғары сот аппаратының халықаралық байланыстар және протокол бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарып келді. 2015 жылдан бері ҚР Президенті Протоколы басшысының орынбасары лауазымында болды.

Жаңа орынбасарын таныстырған Даниал Ахметов алдағы жылы облыста өткізілетін ірі мерейтойлар мен іс-шараларға баса назар аударуды тапсырды. Олардың ең маңыздысы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы.

- Әлішер Мархабат өңірдің әлеуметтік саласына қатысты жұмысын ойдағыдай үйлестіріп, нақты нәтижелер көрсетеді деген сенімдемін. Алда атқарар міндеттер мен жоспарлар көп. Сәттілік тілеймін, - деді аймақ басшысы.