Бүгін Өскемендегі «Ертіс концерт» КМҚК көрермендер залында ШҚО Мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы» кәсіпорнының барлық шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен «The best of the season» атты концерттік маусымының жабылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Оған Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, ШҚО әкімнің симфониялық оркестрі, «Big Band» джаз оркестрі, камералық оркестрі, «Алтай» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Алтай» халық би ансамблі, «An.Sal.Dar» тобы, «Әлем сазы» вокалды-аспаптық ансамблі және солистері қатысты. Өнерпаздар өскемендіктерге отандық және шетелдік орындаушылардың хореографиялық, вокалдық, аспаптық нөмірлерін ұсынды.
Кеш шымылдығын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсановтің дирижерлік етуімен ШҚО әкімнің симфониялық оркестрі әлемге әйгілі «Кармен» операсының үзіндісімен ашты. Сондай-ақ сахна төрінде Мәдениет саласының үздігі, бас дирижер Шалқар Рысханов пен Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі залда отырғандарды ерекше шығармаларымен тәнті етті.
- Бүгін кезекті концерттік маусым өз мәресіне жетті. Осы жыл табысты өтті деуге болады. Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі біраз жобаларды сәтті жүзеге асырды. Былтыр қараша айында Алматы, Талдықорған қалаларына концерттік сапармен барып, шығыстың күйшілік өнерін паш етті. Мамыр айында Семейде де өнер көрсетті. Осы бағыттағы жұмыстарымыз ары қарай жалғасады. Келесі маусымға да жаңа жобаларды әзірлеп жатырмыз, - деді бас дирижер Шалқар Рысханов.
Жыл бойы көрерменді өнерімен тамсандырған Мәдениет саласының үздіктері Айжан Мазкенова, Нұргүл Қабдоллаева, Жанат Бисимбаев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Мәдениет қайраткері Хадхан Манай, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Арника Байбусынова мен Анар Шакенова бүгін де өз өнерлерін көрсетті. Шығыс шаһарының сахнасында ерекше көзге түсіп жүрген «AnSalDar» тобы «Қара дала», «Байтақ елім» әндерін тарту етті. «Алтай» халық би ансамблінің мың бұралған бишілері де кеш көркін қыздыра түсті.
-Биылғы маусым мен үшін де, «Алтай» би ансамблі үшін де жемісті аяқталды. Шеберлігімізді арттырып, бірқатар байқауда жеңімпаз атандық. Бүгінгі концертте де көрерменді қуантуға тырысамыз, - дейді ансамбль мүшесі Анель Серікқызы.
Шара барысында шетелдік танымал әндер де шырқалды. Мәдениет саласының үздігі Александр Адамовтың жетекшілігімен «Big Band» джаз оркестрі танымал композитор Джо Гарлендтің «In the Mood» шығармасын орындады.
Өнер кеші «AnSalDar» тобы мен «Әлем сазы» вокалды-аспаптық ансамблінің орындауындағы «Өз елім» әнімен аяқталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА