Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешіті тасқынның салдарынан баспанасыз қалған өскемендіктерге гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Тасқын судан зардап шеккен облыс орталығының тұрғындарына ШҚО «Халифа Алтай» мешіті гуманитарлық көмек ретінде 10 тонна азық-түлік өнімдерін жеткізді, – деп хабарлады Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімі.
Азық-түлік өнімдері екі жерге жеткізілген екен. Атап айтсақ, Крупская атындағы мектеп-интернатта ашылған эвакуациялау пункті мен Соградағы №5-ші жергілікті өзін-өзі басқару комитеті. Ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, азық-түліктер ең бірінші мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға үлестірілмек.
– Басқа да қала тұрғындары бұл қайырымды істен шеткері қалмайды деп үміттенеміз, – дейді Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, – Азық-түлік пен киім-кешектерді жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне немесе Нұр Отан партиясының қалалық бөліміне, сондай-ақ басқа да көмек көрсету пункттеріне апаруға болады.