ШҚО «Халифа Алтай» мешітінде «Ислам мәдениеті ұлттық дәстүр» атты музей ашылды

361
көрілім

Мұнда сонау сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен, ислам тарихы мен қазақ халқының мәдениетінен сыр шертетін бірегей құнды жәдігерлер қойылған. Бұл жоба Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен ашылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Музейде Күлтегін ескерткішінің көшірмесі, Түркістандағы әйгілі Тайқазанның көшірмесі, қазақтың алты қанат киіз үйі қойылып, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи кесенелерінің шағын макеттері орнатылды. Бұдан бөлек мұнда келушілер қасиетті Құран кітабының электронды заманауи көшірмесін, тарихи құнды еңбектердің электронды нұсқаларын да тамашалай алады. Сондай-ақ мұнда ұлттық көне жәдігерлер мен ежелгі діни бұйымдарда қойылған. Тіпті музейде түркі дәуірінің тарихынан сыр шертетін «Оғызнама» секілді кейбір құнды кітаптардың түпнұсқалық көшірмесі де Ұлыбританияның Кембридж университетінен және Түркиядағы Сүлеймание мешітінің кітапханаларынан алынып қойылды.

– Бұл игі іс "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Мешіт тек діни құлшылық ететін орын ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрді, тарихымызды насихаттайтын рухани орталыққа айналуы тиіс. Қазіргі заман талабы да осы. Ерте сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен бастап, тәуелсіз Қазақстанның құрылуына дейінгі тарихты тізбектейтін осынау бірегей музейде құнды жәдігерлер мен олардың түпнұсқасынан алынған көшірмелері ерекше көз тартады. Алдағы уақытта мұнда Шығыс Қазақстанның бірегей байлығы саналатын Елеке сазынан табылған Алтын адамға, Қоңыр әулиеге, Ырғызбай әулиеге, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мұзтауға арналған жеке стендтер ашылса музей тіптен әрлене түсер еді. Бұдан бөлек кіреберіс залдың бір қабырғасына түгелдей Қазақстанның даму тарихын суреттейтін панорамалық сурет салу керек, – деді Даниал Кенжетайұлы.

Алдағы уақытта аталмыш музейдің тыныс-тіршілігінен хабар беретін сайт іске қосылады. Онда музейге 3D тур жасау мүмкіндігі ашылады.