ШҚО ІІД Алаш арыстарының қуғындалуына қатысты тарихи деректерді жария етті

1153
көрілім
Бүгін ШҚО Ішкі істер департаменті Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғабдылқайым (Қайым) Мұхамедқанов, Рахым Уәлиахметов пен Биахмет Сәрсенов сынды «Алаш» арыстары жайында осы уақытқа дейін құпия түрде сақталып келген тарихи мәліметтер мен оларға қатысты қозғалған қылмыстық іс құжаттарын жария етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда Алаш алыптарына қатысты қозғалған қылмыстық іс құжаттары Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Арнайы мұрағатында сақталған.

Аталмыш көрме «Алаш» қозғалысына 100 жыл және Қазақстан полициясының құрылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр, – дейді ШҚО ІІД Ақпараттық және талдау бөлімі бастығының орынбасары Динара Әлімбекова. – 2015 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, жаппай қуғын-сүргін құрбандарына байланысты қозғалған қылмыстық істер назарға алынып, Алаш арыстары жайындағы құжаттармен көпшілікті таныстыру мақсатында Ішкі істер министрлігі «мемориал» ғаламтор-ресурсын құрды. Аталмыш жүйеге еліміз бойынша 109 186 қуғын-сүргін құрбаны енгізілді. Оның 18 мыңын Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті Ақпараттық-талдау орталығының арнайы мұрағаты енгізді.

ІІД өкілінің хабарлауынша кез-келген тұрғын аталмыш веб-порталға жүгініп өзінің қуғын-сүргін құрбаны болған туысы жайындағы ақпаратты ала алады. Егер әлдекімнің мұндай мүмкіндігі болмаса ШҚО ІІД Арнайы мұрағатына сұраныс жасауына болады.

Біз «Алаш» Үкіметінің белді қайраткерлері Биахмет Сәрсеновке, Шәкәрім Құбайбердіұлына, Рахым Уәлиахметовқа, Ғабдылқайым Мұхамедқановқа қатысты қозғалған қылмыстық істерді қабылдап, бүгінгі күні көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Аталмыш құжаттар тарихи құнды деректер болғандықтан арнайы орындарда сақтаймыз. Кейбір құжаттар 1916 жылы, енді бірі 1920 жылдары жазылған. Оның үстіне заңға сәйкес кейбір процессуалды құжаттарды көпшілік назарына ұсына алмаймыз. Дегенмен жазықсыз жазаға ұшыраған туысын іздеген азаматтарымыз бар кезде біздің де жұмысымыз аяқталмайтынына сенімдімін, — деп түйді Динара Әлімбекова.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ,

Фотосуретті түсірген автор