ШҚО қазақ Драма театрында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесінің желісі бойынша «Қанды азу» атты қойылымы сахналанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жолы театрға жиналған жұрттың қарасы мол. Бір қуанарлығы, келген көрермендердің дені жастар мен мектеп оқушылары. Осыған қарағанда қаршадай Құрмаштың балалық шағы әр балаға арман болып қалса керек. Себебі көзін ашпаған бөлтіріктің бойындағы қайсарлық пен тағылық қалың оқырманды қайран қалдырды емес пе!
«Әне, әне Көксерек шықты, қараңдаршы! Мәә, Құрмашты қара!», - деп балалар сахнаның сыртында отырса да балалық қиялдары әлдеқашан Құрмашпен бірге ойын қуып алысқа кеткен-ді.
Оқиға желісі бойынша бір топ аңшылар қасқырдың апанын тауып, көзін ашпаған бөлтіріктердің тірсегін қиып, жалғыз ақазуды ғана аман алып қалады. Көлденең өткен көк аттының таяғының астында қалатын түз тағысының азапты өмірі енді басталды. Оның бар кінәсі қасқыр болғанында еді. «Мен адамдар арасына осылай келдім. Ей, адамдар, неге сонша қаталсыңдар! Қатігезсіңдер!». (бөлтіріктің ойы)
Қойылымның әсерлі болған соншалық, көрермендер де кейіпкерлермен бірге толқып отырды. Айта кетейік, қойылымдағы кейіпкерлердің тек аты-жөні ғана өзгертілген. Бала - Бораш, бөлтірік — Ақазу.
– Қойлым Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесінің желісінен алынды. Бір ай көлемінде дайындық жүрілді. Маған қиындау тигені жасым 30-ға келіп, 8-9 жасар баланың рөлін сомдау болды. Көз алдымызда қаншама бала көрермен қарап отыр. Оларды сендіріп ойнаумыз керек болды. Оның өзі де біраз зерттеуді талап етті. Айталық, баланың психологиясы, жас ерекшелігі бәрі сахнада өте маңызды болды, - деді ШҚО қазақ Драма театрының актері Елдос Мәсәлім.
Шынында да 30 жастағы ересек адамның 8-9 жасар баланың рөлін сомдау қиынның қиыны. Ал бұндай шеберлік тек нағыз талантты актерлердің ғана қолынан келсе керек.
– Спектакль өте ұнады. Әсіресе ақазу мен Бораштың достығы. Бірақ ересек ағалар қасқырға қиянат жасады. Сонымен бірге адамзат пен табиғат арасындағы байланыс бейнеленді. Егер адамдар ақазуға (бөлтірікке) тиіспесе, ол да адамдарға тиіспейтін еді, - дейді Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің 6 сынып оқушысы Бердібек Әли.
Иә, санасын әлі кір шалмаған сәби көңілі қасқырдың түз тағысы, жыртқыш хайуан екенін қайдан білсін. Бабаларымыз «Қасқырды қанша асырасаң да тауға қарап ұлиды» деген мәтел сөзі бекерге айтылмаған болса керек. .
Таунар қайрат