Кенеттен бұрқ етіп жария болған жазба еді бұл. Көпшілік танымал актер әрі облыстық драма театрында көркемдік жетекші болып жемісті еңбек атқарған жерлесіміз Сахан Әкелеев қойылымдарының Қазақ драма театры бағдарламасынан алынып тасталғандығына дүрк көтеріліп, наразылық оғын үстіне-үстіне жаудырып жатты. Әлеуметтік желіде түрлі пікірлер алма-кезек жазылып, марқұмның әсерлі қойылымдарының неліктен алынбауы тиіс жөнінде саналуан ойлар ортаға салынды. Моральдан аттау, жәдігөйлік, қиянат сынды сөздерден соң болған жайттың себебі де ап-айқын көрініс берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қойылымдарынан қазақылық көрініс беретін»
Мәселенің анық-қанығына бойлауға асыққандар тарапы ең алдымен Сахан Долдыұлының мәдени ошақ еңсесін тіктеуі тұрғысында сіңірген еңбегін тізбелеп, көрермен мен жерлестері, тіпті республикалық деңгейдегі театр майталмандарының жоғары бағасын алғандығын негізге алып, мұндай қадамның қисынсыз екендігін жеткізді. Тақырыпқа тереңірек үңілмес бұрын жерлесіміздің өнердегі жүріп өткен жолына қысқаша тоқталып, аз-кем анықтама бере кеткен жөн болар. Шілікті топырағында дүниеге келген кейіпкеріміз бала күнінен бағытын айқындағандай. Ең алдымен бойына біткен өжеттілік пен қайтпас мінез өз ортасынан даралап тұрды. Алда арман атты құсты тізгіндеп, желмен жарыса жүйіткуге әзір, жел танабын суыра ұзақ жортуға құлықты өрен екенін аңғартқан. Түрлі деректерде жазылған замандастарының лебізі осындай еді. Дәл осы алға ұмтылуы жиырманың алтауын толтырып, дер шағында Алматыдағы мемлекеттік көркем театрын драма және кино актері мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдауға негіз болды. 86-ның бұрқасыны соғып тұрғанда азаттық аңсап алаңға жиналғандардың бірі де Сахан Әкелеев болатын. Қош. Бұл жағы жеке бір тақырыпты қамтиды. Ал қазіргісі Өскемендегі Қазақ драма театрында көптің көкейіне қонбаған жайттың көрініс беруі, сахна саңлағының жұрт жадынан шығарыла бастауы.
– Сахан Әкелеев - қазақтың дәстүрлі, қазақы мінез құлқын, психологиясын ашуға бағытталған мәнерде қазақтардың өмір салтынан айнымайтын, шынайы қойылым қоюшы режиссер еді. Қазақ театрының өзге заманауи даңғырлағы көп... келсін-келмесін ұғымға қиын би мен өзге де қойыртпақ эффектілерді жиі әрі көп қолданатын «режиссурадан» бөлек шынайы қазақтың қалыбын өзгертпей беруге тырысатын «тазалық» болған. Алғашқы режиссер Бадығанов ағаның қойған спектакльдеріне де қазақтар өте көп баратын, - дейді қала тұрғыны Айшагүл Алпысбаева (аты-жөні өзгертілген).
Спектакльдер алынуының себебі
Осы тақылеттес пікірлердің көбі «Ағамыз марқұм болған соң тым асығып кетпеді ме басшылық?» деген ортақ сауалды бірінен соң бірін қойып жатты. Қызу талқының бөгеуі ағытылған жазбада өзін театр әкімгері етіп таныстырған жанның жауабы да бар. Оның айтуынша, бұдан былай Сахан Долдыұлының дайындаған қойылымдары мүлдем болмайды, театр басшылығы «списаниеге» жіберген. Орнына жаңа қойылымдар ұсынылмақ. Айталық жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Жандауа» спектакліне альтернатива ретінде теріс діни ағым, мана айтқан нашақорлық, қоғам шырғалаңы және басқа да тақырыптарды бір арнада тоғыстырған қойылым әзірленіп жатқан көрінеді. Газет тілшісі жүргізген сауалнамаға сәйкес «Жандауадан» бөлек, «Шырмауық» та қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласына бөленген әрі алдағы уақытта соны сахналау жөнінде өтініштердің түсуі бек мүмкін. Осыған орай «Сахнадағы Сахан спектакльдерін сағындық» деулері бекер емес. Енді осының себебіне үңілейік. Әралуан сауал мен наразылық екпіні еңсе тіктей түскен соң ШҚО драма театрының директоры Руслан Қайырсыновқа қоңырау шалдық. Оның айтуынша, бұлай етудің салмақты негізі бар әрі осыған ұқсас шешімдердің барлығы ұдайы көркемдік кеңес жиынында талқыланады.
– Сахан ағамыз сөзсіз, талантты актер әрі танымал режиссер. Қателеспесем, театрымызда 10 жылға жуық қызмет атқарды. Сол уақытта өзінің режиссерлігімен жеті қойылымы сахналып, үшеуі былтыр тізімнен шығарылған-тұғын. Биыл соның ізін ала тағы екеуі алынды. Дегенмен екі комедиясы репертуарда әлі сақтаулы, олар алдағы уақытта көрермен назарына ұсынылады, – деді Руслан Қайырбекұлы. – Мұндай шешімге келуіміздің бірінші себебі, келушілер санының аздығы. Актерлер бос залда спектакль ойнай бермейді ғой. Бұл ретте көркемдік кеңес шешім шығарып, тізімнен сызды. Олардың қандай тоқтамға келіп, не деп айтқандары хаттамада сақтаулы. Қабылданған шешімнің артында спектакльдерді негізсіз ысырып тастау деген ой жоқ.
«Әліптің артын бағайық»
Мәселеге қатысты театр басшысының жауабы осындай. Шіліктілік театр тарланы қойылымдарын тамашалаған әрбірінің жарқын естеліктер айтып, мынадай жайттан соң бүйірден соққы алып, бүйе шаққандай күйде қалғандары рас. Алайда көркемдік кеңес шешімі тек жоғарыда жазылған ақпараттармен шектелмейді. Спектакльдерін уақыт ағымы аямаған шығармашылық адамдарының ішінде Рүстем Есдәулетов пен Айдын Салбановтың да есімдері аталды. Әр дүниенің жаңарып, ескінің шығарылып отыруы басшылыққа алынған. Оның ішінде декорация мен қойылымға қажетті түрлі заттар бар. Театр басшысы айтқандай, осыдан 12 жыл бұрын дүние салған Рүстем Оразбайұлының 24 спектаклі сахналанған. Сенесіздер ме, қазіргі уақытта репертуарда қалғаны тек біреу ғана...
– Әлбетте, барлығы көрермен сұранысына сәйкес іске асырылады. Қазір керек дүниелерді де қойып жатырмыз. Тарихи спектакльдердің барлығы сақтаулы. Айталық, «Кенесары-Күнімжан», «Керей мен Жәнібек» сынды рухты көтерер туындылдардың біршамасы сахналанды. «АЛЖИР» қойылымы да міндетті түрде көрермендерге ұсынылады, онда сүт бетіне шыққан қаймақтардың әйелдері қандай қасірет көргендері айна-қатесіз беріледі, – деді мәдениет ошағының басшысы.
Бұған қатысты жерлес жазушы, драматург Думан Рамазан да ойын қаз-қалпы жеткізіп, бір әбестік болар деп топшылады.
– «Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деуші еді ғой! Дұрыс болмаған екен! Қайтып қалпына келтірулерін талап етемін. Егер талабымызды орындамаса, айтатын жерге айтармыз, баратын жерге барармыз. Басылымдарға да шығармыз. Әліптің артын бағайық. Бәлкім, бір қателік кеткен шығар, - деді ол.
«Спектакльдер қоры сақталған»
Көмескі көп пікірлердің ақ-қарасы анықтала бастағанда көрермендер үшін өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген көркемдік жетекші Сахан Әкелеев қойылымдарының тізімнен шығарылуының себебі айқындалғандай. Біріншісі сол, көрермендердің азаюы. Шамамен 40-50 адам шамасында болса керек. Қоғамдық трансформация терминін ескерсек, жаңа қойылым алдындағы жоспарға сәйкес қымбаты сатып алынып, ауыр әрі ескі декорациялар түгел дерлік шығарылады. Тіпті гастрольдік сапарлардың уақыты жеткенде соларға шақталған арнайы көлік іздестіру мәселесі де туындайтын көрінеді. Сайып келгенде, көркемдік кеңес шешімі актерлер мен жұмыс барысын ыңғайлы форматқа көшіруге негізделген.
– Бұл жерде нақ Сахан Әкелеев қойылымдарын тізімнен сызып тастау идеясы жоқ. Ол адамның өнері мен еңбегіне біз де, қалың көрермен де қанық. Қоюшы режиссерлер қойылымдары жөнінде статистикалық мәліметтерге негізделген құжат та бар. Түптеп келгенде көрермен көңілінен шығар түрлі жанрдағы спектакльдер қоры сақталған, барлығын уақтылы ұсынып отырамыз, - деп ойын қорытты Руслан Қайырсынов.
Қазақ киносындағы қолтаңбасы
Қазақ драма театрындағы әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лакаева кейіпкеріміз жөнінде аз-кем мағлұматпен бөлісті. 35 жыл бұрынғы Желтоқсан ызғары өңменінен алған Сахан Долдыұлының кино әлемінде қалдырған ізін, театры директоры қызметінен бөлек, актер, режиссер, көркемдік жетекші ретінде сіңірген еңбегін жік-жігімен тізбелеп берді. Әсіресе А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек», комедиялық жанрдағы Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» туындысы, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» спектакльдері рухани азыққа сусыған жандарды бір серпілтіп тастаған. 2018-2019 жылдары «Бақытсыздар бағы» және «47 баланың анасы» атты көркем фильмдерде басты рөлдерді сомдағаны да қазақ киномотографиясының қойнауында ұза-а-қ сақталатыны сөзсіз.
***
Шіліктіде кіндік кесіп, бауырында желдей ескен жерлесіміз биыл маусым айында Пайғамбар жасына қараған шағында өмірден озды. Ажал аранын ашпағанда желтоқсан айының 15-і күні зейнетке шығып, 63-ші туған күнін тойлататын еді. Жарқын естелігі – соңында қалған мәнді де құнды қойылымдары. Шығыс жұрты танымал өнер иесінен айырылса, көрермендері спектакльдерінің театр тізімінен ізін суытпай сызылып тасталғандығына таң-тамаша. Кім білсін, көпшілік өтініші кей шығармаларын сахна төріне қайта шығаруға себепші болар...
Әділхан ЕСІМХАНОВ