ШҚО кәсіпкерлері «Атамекен» басшысымен бизнес мәселелері жөнінде талқылады

448
көрілім

Онлайн режимінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестерімен кездесуі өтті. Шығыс Қазақстан облысының бизнесмендері өз салаларының жүйелі мәселелерін айтып, Ұлттық палатаға түйткілдерді шешудің ықтимал нұсқаларын ұсынды.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы өңірлік кеңестермен кездесу барысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік ахуал мәселелері биыл басымдыққа ие болуға тиіс екенін атап өтті.

– Өткен жылы локдаун салдарынан 430 мыңнан астам кәсіпорын қызметін тоқтатты. ҰКП жүргізген сауалнама нәтижесі табыстан айырылған компаниялар өндірісті орта есеппен 11 пайызға оңтайландырғанын көрсетті. Демек, осы кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырған, бізге нәтижелі жұмыспен қамту мәселесін қолға алу қажет. Жалпы, біз дер кезінде әрекет етіп, елдегі бизнесті қолдау бойынша Үкіметке тиімді шараларды ұсына алуымыз үшін өңірлік палаталар мен дирекцияларға кәсіпкерлер арасындағы тұрақты негізде сауалнама жүргізіп отыру қажет, – деді Тимур Құлыбаев.

Шығыс Қазақстан бизнес-қоғамдастығымен диалог Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербектің қысқаша баяндамасынан басталды. Ол ШҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірдегі зардап шеккен бизнес салаларының жағдайы, ӨКП-ның өткен жылғы жұмыс қорытындылары және ағымдағы жылға қойылған міндеттер туралы айтып берді.

– ШҚО палатасы жүргізген бизнес сауалнамасының нәтижесі бойынша, облыс бойынша шағын несиелеуге деген қажеттілік бүгінде 1,8 млрд теңгені құрайды, бұл шамамен 312 қарыз алушы. ( ... ) 2021 жылдың басынан бастап біз қаржы институттары тарапынан несие беруден негізсіз бас тарту жағдайларын анықтау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және АӨК дамыту бағдарламасын қоса алғанда, барлық мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізе бастадық, – деп Марипбек Шәкербекұлы бүгінгі күннің жоспарлары туралы айта келіп, өзекті проблеманы және оны шешу жолын белгіледі.

Өз тарапынан ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа басшысының алдында Шығыс Қазақстанда бизнестің дамуына кедергі келтіретін үш жүйелі проблеманы көтеріп, оларды шешудің барынша қолайлы жолдарын ұсынды.

Туристік сала

Шығыс Қазақстанда туризм саласын, атап айтқанда Алакөл көлінің жағалауын дамыту мәселесі өзекті. Бұл туралы «Оскар» ЖК директоры, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі жанындағы туризм комитетінің төрағасы Асқар Оразбаев айтты.

– Демалыс базаларының иелерінен, туристер мен туроператорлардан Алматы облысы Алакөл ауданындағы Жалаңашкөл теміржол станциясында қажетті инфрақұрылымның жоқтығына шағымдар келіп түсуде», – деп хабарлады Асқар Қайратұлы.

Жазғы маусымда курорттық аймақ аумағында күнделікті толымдық 12 мың адамды құрайды. Алакөл жағалауында 188 орналастыру орны, 24 қоғамдық тамақтану орны, 27 дүкен, 104 сауда нүктесі, 3 дәріхана және 1 автовокзал жұмыс істейді. Аталған аумақ туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие және туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ҚР туристификациялау картасының ТОП-10-на енгізілген.

– Курортқа 150 мыңға жуық турист келеді, тіпті 2020 жылы да карантиндік шектеулерді ескере отырып, Алакөлге 50 мың турист келді. Егер қажетті шаралар қабылданса, бұл көрсеткішті екі есе және одан да көп арттыруға болады, – деді Асқар Оразбаев.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі атынан спикер «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасына салалық министрліктер және ҚТЖ-мен бірлесіп, Жалаңашкөл станциясының инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөлу және іс-шаралар жоспарына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына Алакөл көлінің жағалауын жоғары жылдамдықты интернет және сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету тармағын енгізу мәселесін пысықтау туралы өтінішпен жүгінді.

Құрылыс саласы

«Ремдор» ЖШС директоры Бауыржан Қамзинов жазғы кезеңде битум тапшылығының бұрыннан келе жатқан, бірақ одан да өзекті проблемасы туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда ШҚО-да құрылыс саласының 20-ға жуық мердігерлік ұйымы жұмыс істейді, олар жыл сайын Павлодар НХЗ-да жол битумын сатып алады, өйткені бұл зауытпен ынтымақтастық логистика тұрғысынан тиімді. Алайда, әр жаз сайын жол-құрылыс жұмыстары маусымында Павлодар МХЗ жоспарлы жөндеуге жабылады, осыдан жол битумының тапшылығы проблемасы туындайды. ШҚО кәсіпорындары үшін материалды Шымкент және Атырау қалаларынан жеткізу тиімсіз, ал ҚР мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуға байланысты оны Ресей Федерациясынан сатып алған да мүмкін емес. Қыста битумды сатып алудың ешқандай мүмкіндігі жоқ, өйткені оны дұрыс сақтау үшін жаңа шығындарға әкелетін қосымша жабдық қажет болады.

– Құрылыс келісімдері бойынша өз міндеттемелерін орындау мақсатында өңірдің кәсіпорындары науқан кезеңінде битумды жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр. Салыстыру үшін: құрылыс маусымы басталар алдында битумның құны 1 тонна үшін 105 мың теңге, ал оның аяқталуына қарай – объектіге дейін жеткізуді ескере отырып, шамамен 190-200 мың теңгені құрайды, – деді Бауыржан Қамзинов.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы мәселені шешудің бірнеше нұсқасын қарастыруды ұсынады, атап айтқанда: жол битумын импорттауға салынған тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндігін қарастыру, не құрылыс маусымы кезеңінде РФ-дан Шығыс Қазақстанға битум импортына квота енгізу, немесе Павлодар НХЗ-да жазғы кезеңде, битумға деген сұраныс жоғары болған кезде емес, жылдың кез келген басқа уақытында жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыру.

Ауылшаруашылық саласы

«Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдин ШҚО-дағы ветеринарлық қызмет пен ветеринарлық қауіпсіздіктің материалдық-техникалық нашар жабдықталғаны туралы айтып берді.

– Өткен жылы облыста құтырма, эмкар, пастереллез, құс тұмауы және бруцеллез сынды жұқпалы аурулардың 87 ошағы тіркелген. Бруцеллез бойынша 54 қауіпті аймақ тіркеліп, онда ауру 8 300 бас ірі қара және 1500 бас ұсақ мал анықталды. Бұл қолайсыз жағдай ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық жарақтандырылуының нашарлығынан қалыптасты, – деп Ержан Тұрсынханұлы мәліметтерді мысалға келтірді.

Статистикаға сәйкес өңірдегі 221 ветеринарлық пунктінің 107-сінде ғана жеке нысаны бар. 2013 жылы алынған автокөліктің тозығы жеткен, интернет байланысы нашар, еңбекақы төмен болғандықтан маман тапшылығы байқалады. Мұндай жайт мал шаруашылығы бағытында АӨК-ті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды кенжелетіп жатыр.

Шығыс малшыларының атынан Ержан Қойгелдин ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ветеринарлық қызметті жабдықтау үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ заманауи вакциналарды қолдана отырып, бруцеллезді жою және бақылау стратегиясын қайта қарауды ұсынды.

Аймақ кәсіпкерлері көтерген барлық мәселелер «Атамекен»Ұлттық палатасының бақылауына алынды. Бірақ бүгінде олардың шешіміндегі кейбір ілгерілеулерді атап өтуге болады. Келесі аптада «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі Юлия Якупбаева уәкілетті органдардың қатысуымен туристік маусым-2021 ұйымдастыру жөнінде кеңес өткізеді, онда Жалаңашкөл станциясында инфрақұрылымды дамыту мәселесі де көтерілмек. Құрылыс маусымында битумды сатып алуға келетін болсақ, Ұлттық палатада бұл мәселе ерекше бақылауға алынған және уәкілетті органдармен қазақстандық битумның құнын арзандатудың тиісті механизмін пысықтау ниеті бар.

Мамандар өңірдегі бизнес-қоғамдастығы көтерген мәселелерді қарау нәтижелері туралы аtameken.kz сайты, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы міндетті түрде хабарланатындығын жеткізді.