Бүгін А.С.Пушкин кітапханасының «Парасат жолы» орталығында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу өңірлік ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Арайлым Есімбекова, жазушы, журналист, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалы Төрағасы Әлібек Қаңтарбаев, ақын, «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы ШҚО бойынша филиалының профессоры Галина Грызунованың, БАҚ өкілдерінің, қалалық және аудандық кітапхана өкілдерінің бейнебайланыс арқылы қатыстысуымен өтті.
Мәдениет пен руханияттың тоғысқан ордасы саналған кітапханада өткен игі шарада бірегей жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ортаға салынып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары салтанатты түрде таныстырылды.
Жастардың тұла бойына туралық пен даналықтың дәнін егуді көздейтін орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық мәдениет пен тағлымды тарихты, тұнық тәрбие мен өнегелі әдебиетті өне бойларына терең сіңірген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қаламгер-тілшілердің елеулі еңбектері арқылы парасатты қоғам қалыптастыру.
Шараны жүргізген ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Арайлым Есімбекова қолға алынған жобаның мақсаты мен міндетерін түсіндіріп, отырыс барысында «Парасаттылық жолы» орталығының төрағасы ретінде жазушы, журналист, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалы Төрағасы Әлібек Қаңтарбаевты тағайындауды ұсынды.
– Орталықтың жұмысы адалдық пен парасаттылықты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Орталықтың кітапханада ашылуының өзінде бір терең мағына бар, рухани азық ордасында келелі әңгімелер өрбітіп оқырмандар мен көрермендірдің қызығушылығын тудыру арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыру көзделеді» – деді ол.
Сонымен қатар, шарада Семей қаласынан ақын, «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт парасаттылық бойынша өз шығармаларын қатысушылардың назарына ұсынды.
Шараны «Парасаттылық» ұғымын ғылыми тұрғыда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы ШҚО бойынша филиалының профессоры Галина Грызунова түсіндіріп кетті.
Пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған шарада әділдіктің қоғам өмірінде алатын орны мен шалқар шығармалардың оқырманға беретін тәлім-тәрбиелік рөлі сөз болып, құнды қасиет парасаттылықтың маңыздылығы талқыланды.
«Парасат жолы» орталығы алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға ықпал ететіндігіне сенім мол.