ШҚО ҚІЖД әскери қызметкерлері Азия чемпионатында ұлттық құрамаға зор қолдау көрсетуде

499
көрілім

Шырайлы Шығыс жерінде волейболдан Азия чемпионаты басталғалы екі күн өтіп кетті. 19-шы рет өткізіліп отырған клубтық Азия чемпионатының ашылу рәсімі 2018 жылы 11 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының Спорт сарайында өткен болатын. Өскемендік жұртшылықпен бірге Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен қызметкерлері отбасы мүшелерімен ұлттық құрамамызға барынша қолдау көрсетіп жатыр.

Азия чемпионатының ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен қызметкерлері отбасы мүшелерімен қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген чемпионатқа қатысушыларға, қашан да қонағын құшақ жая қарсы алатын дархан халқымыздың мәртебесін көтеруге өзінше үлестерін қосты. Салтанатқа қатысқан балалар мерекелік көңіл күйлері мен жанкүйерлік қошеметтерін көрсетіп жатты.

Жапония, Қытай Халық Республикасы, Тайланд, қытайлық Тайбэй, Иран, Вьетнам, Шри-Ланка, Индонезия елдері спортшылары Азия чемпионатында бас жүлдені сарапқа салып жатыр. Қазақстанның үш дүркін чемпионы «Алтай» командасы еліміздің намысын қорғайды. Бір қуанарлығы, «Алтай» командасының алғашқы жеңісі де барша жұртшылықты шаттыққа бөлегенін де айта кету керек. Үш кезеңде ирандық команданы тіз бүктірген «алтайлықтар» қоржынына алғашқы ұпайды да алып үлгерді.

Жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Салтанатты ашылу барысында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы тарихы театрландырылған қойылым ұсынылды. Мемлектіміздің Әнұраны шырқалды. Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті «Алтай» командасы үшін тақым қысып, әр ойынында зор қолдау білдіруге барын салады. «Алтайдың» алар асуы көп болсын!

Дюсупова Шынар Төлегенқызы