Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаев жеке құраммен бірге Алғыс айту күніне арналған мейірімділік акциясына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғалар мүмкіндігі шектеулі баласы бар жалғызбасты ананың үйінің аумағын қардан тазалап, оған өрт сөндірушілер мен құтқарушылар белсене атсалысты.
- Облыс аудандары мен қалаларындағы барлық қызметкеріміз осындай шаралардан шет қалмайды. Құтқарушыларымыз осындай әрекеттерімен келешек ұрпақты еңбекке баули отырып, аға буынға сыйластық жасауға үйретеді, - деді ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев.
Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылына қарасты №16 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серік Айтқали Әли есімді баласымен бірге Рыбацкая көшесінің тұрғындарына аула тазалауға қолұшын созды. Ал Риддер қаласының 1-МӨСБ жүргізушісі Асхат Смағұлов Нұржігіт есімді ұлымен тізе қосып, ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға қар күреп көмектесті.
Аталған шара Шемонаиха қаласында да жалғасын тауып, №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Қанат Бижанов бес жасар ұлымен бірге жалғыз тұратын қарт ананың ауласын тазалап берді.Алтай ауданына қарасты Октябрьский кентінің №20 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ришат Нұрахметов балаларымен бірге қамқорлыққа мұқтаж әйелге көмектесті.