Сотталушы Өскемен қаласының №2 сотында ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
Сотта анықталғанындай, айыпталушы 2017 жылдың наурыз-сәуір айларында аталған ведомствода еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. ЖШС-дың бірін тексерген ол жұмыс беруші тарапынан төлемді дұрыс жүргізбеу бағытында еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Бас маман өзінің кабинетіне аталған кәсіпорынның директорын шақырып, әкімшілік жауапкершілікке тартпас үшін жүз мың теңге ақша сұраған. Ақшаға ие болғанымен, Заңсыз әрекеті үшін мемлекеттік инспекторға заң алдында жауап беруіне тура келді.
Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен жемқорлық әрекеті үшін сотталушының 3 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ сот шешімі бойынша оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.