ШҚО мен Алматы арасындағы сауда көлемі 30 млрд теңгеден асқан

173
көрілім
фотосурет ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен
Өңір басшысы Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен келген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жолығып, сауда мен туризм тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан ел нарығында сұранысқа ие өнімдердің түрімен, табиғи ресурстар көлемімен өзге өңірлерден оқ бойы озық тұрған облыс. Ел нарығындағы балдың 77%-ы шығыстан шыққан, күнбағыс майын өндіруден де көшбасшы. Сондай-ақ аймақта өндірілетін сапалы азық-түлік өнімдері өзге өңірлерде ұдайы сұраныста. Соның бірі, елдегі ең ірі мегаполис қала – Алматы. 
Осы тақырып аясында Ермек Көшербаев пен Ерболат Досаев жүздесіп, өңіраралық маңызды меморандумға қол қойды. Кездесуде азық-түлік өнімдерін өндіру, тасымалдау мәселесінен бөлек, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ынтымақтастық, инвестиция және туризмді дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Мәлім болғандай, Шығыс Қазақстан мен Алматы шаһары арасындағы өзара сауда көлемі 30 млрд теңгеге жеткен.
Алматыдан келген делегация қаладан қайтпас бұрын «Эмиль» және «Восток Молоко» сүт зауыттарына, «Алтай» көтерме-тұтыну орталығына, сондай-ақ Сол жағалау кешенінде орналасқан этноауылға барып қайтты.