ШҚО мен Татарстан туризм саласында ынтамақтастық орнатуда

412
көрілім

Шығысқазақстандық бір топ журналистер Татарстанның мәдени-тарихи орындарын аралап, туристік әлеуетін көрсету мақсатында өткен тұсаукесер шарасында болып қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Татарстан Республикасы Туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Ивановтың айтуынша, республика ресейліктер үшін ең дамыған және тартымды өңірлердің бірі, ал Қазан қаласы «Ресей Федерациясының үшінші астанасы» аталады.

– Біздің Президент Рустам Минниханов пен сіздердің өңір басшыларыңыз Даниал Ахметов келіссөз жүргізіп, ынтымақтастықты дамыту мен туризм саласындағы басымдықтарға тоқталды. Біз Шығыс Қазақстанның журналистері Татарстанның көрікті жерлерін өз көздерімен көрсін деп шешім қабылдадық, ал одан кейін облыс тұрғындарына бұл туралы айта барса деп ойладық. Біздің де тілшілеріміз Шығыс Қазақстанға осындай сапар жасап, туризмде байланыс орнатады деп үміттенеміз,– деді Сергей Иванов.

Шығысқазақстандықтардың Татарстанға баруына кем дегенде бес себеп бар. Олардың ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасына енген нысандар, ұлттардың, мәдениеттер мен діндердің экзотикалық үйлесімі, әлемдік ауқымдағы фестивальдар мен чемпионаттар, өзіндік ерекшелігі бар татар ас үйі мен қонақжайлылық дәстүрлері, сондай-ақ Еділ өзенінің тамаша көріністері мен мыңжылдық тарихи ескерткіштері.

Шығыс өңірінің журналистері 2000 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарының тізіміне енген Қазан Кремльіне барды. Алғашқы тастары XII ғасырда салынған ежелгі бекіністе бүгінде өмір қайнап жатыр. Қонақтар үшін ғажайып әдемі Құл-Шариф мешітінің есігі ашылды, оның биіктігі 58 метр. Оның жанында сән-салтанатты Благовещенский соборы бар.

Бұл Татарстан тұрғындарының толеранттылығы мен діндердің арасындағы құрметтің тағы бір дәлелі болып табылады. Сондай-ақ, Кремльде соңғы қазан патшайымы Сююмбикенің жұмбақ мұнарасын көруге болады. Осының барлығын көрген соң Кремльде көрмелер мен фестивальдар кезінде уақыт өткізу оңай екендігін байқауға болады.

ЮНЕСКО – ның Бүкіләлемдік мұрасының тағы бір нысаны-қажылық орны және мұсылман ғибадатханасы саналатын ұлы Болгар қаласы. Қазан татарларының ата-бабасы Еділ бұлғарлары 922 жылы исламды өз еркімен қабылдап, ал XIII ғасырда Болгар Алтын Орданың астанасы болған.

Мұнда XIII-XIV ғасырлардағы Собор мешіті, үлкен және кіші мұнаралар, Солтүстік және Шығыс кесенелері сияқты т.б. сәулет ескерткіштерін көруге болады. Қазіргі уақытта Болгар қаласы Ақ мешіттің әсем кешені мен исламды қабылдау құрметіне ескерткіш белгімен безендірілген.

Сонымен қатар, 2011 жылы мұсылмандардың қасиетті Құран кітабының ең үлкен басылымы ретінде саналған кітап Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Ұлы Болгардың бай музейінде зергерлік бұйымдарды, қаруларды және археологтардың басқа да жәдігерлерін көруге болады. Сондай-ақ Шығыс пен Батысты байланыстырған ежелгі өркениеттің тарихын білуге болады.

Қазан қаласынан 60 шақырым жерде Еділ мен Свияга өзендерінің бірігуі орнында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тағы бір нысаны – Свияжск қаласы бар. 300 тұрғыны бар шағын аралда 37 мәдени ескерткіш орналасқан. 2010 жылдан бастап Свияжсктың діни ғибадатханаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда ежелгі христиан мәдениетінің көріністері сақталған. 1151 жылы салынған Троицк ағаш шіркеуі ерекше орынның бірі. 2017 жылы ЮНЕСКО мәдени мұрасы тізіміне енген Успенск соборында ХVІ ғасырда Иван Грозныйдың өзі бейнеленген фрескалар да сақтаулы.

Аралда өнеркәсіп орындары мен қоғамдық көліктерді көрмейсіз, сондықтан тыныштық пен жайбарақаттылық орнағандай болады. Одан басқа «Татарская Слободка» ағаш археологиялық музейі, «Ленивый торжок» мейрамханасы бар.

Татарстан асханасы түстер мен түрлі дәмдерімен белгілі. Әсіресе эчпочмак, кыстыбай, тәтті чак-чак, қақталған қаз еті мен жылқы етінің дәмін көруге болады.

Шығыс Қазақстан мен Татарстанның туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесінде аса өткір тұрғаны көлік мәселесі. Әзірге тура және тез қатынау екі жаққа да мүмкін болмай тұр.

- Қазір бізде өңіраралық әуеатасымалдарды дамытудың федералдық бағдарламасы жұмыс істеуде. Үкімет әуе қатынасы болмаған екі қала арасындағы тасымалдарды жүзеге асырғанда әуе компанияларын субсидиялайды. Бұл бағдарламаға Барнаул, Томск, Омбы қалалары кіреді. Шығысқазақстандықтарға қай қала арқылы жетуге ыңғайлы болатынын ойластыруымыз керек. Қазір біз Батыс Қазақстанмен ынтымақтастықтамыз. Орал арқылы автобус қатынасын жолға қойдық. Туроператорлармен жұмыс жүргізілді. Шығыс Қазақстанмен көлік қатынасын ретке келтіру жолдарын ойластырып, әзірлейтін боламыз, – дейді Сергей Иванов.