ШҚО мәслихаты облыстық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізді

274
көрілім

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясы барысында қаржы тұрғысында тиісті есеп-қисап шығарылып, салалар бойынша нақты сандар ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке қандай толықтыру енгізілді және қандай бағыттарға қаражат бөлу қарастырылған?

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бойынша:
«Жанұя» атты отбасыларды қолдау орталығын ашып, оның жұмысын жүргізуге – 175,9 млн теңге;

Қайтыс болған (соғыс кезінде хабарсыз кеткен) немесе жарақат алу салдарынан қаза тапқан әскерилердің отбасыларына, Ауғанстанда қаза болған жауынгерлердің отбасыларына 105 млн теңге көмек беру қарастырылған.

Білім басқармасы бойынша:

168 мектепке StarLink жоғары жылдамдықты ғаламтор желісін тарту үшін – 236,7 млн тенге бөлінуі қажет.

Денсаулық сақтау басқармасы бойынша:

  • Сирек аутоиммунды аурулары (ювенильді склеродерма және кәмелетке толмағандардың идиопатиялық артрит аурулары) бар балаларды (2 адам) дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін – 4,4 млн теңге;

  • Риддер қалалық ауруханасы патологиялық-анатомиялық корпусы мен Шемонаиха аудандық ауруханасы, сондай-ақ Күршім ауданындағы мәйітхана ғимаратын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге – 12,4 млн теңге қаражат есептелді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бойынша:

  • Орманды көркейту іс-шараларының республикалық жоспарын іске асыру үшін (Мемлекет басшысының 2020 жылға арналған Жолдауы аясында ормандарда 2 млрд. ағаш отырғызу жоспарланған) – 306,4 млн теңге;

  • Қоршаған ортаның жай-күйін әуеден бақылауға арналған жүйелерді сатып алуға – 234,3 млн теңге керек деп есептелді.

Әкімдік аппараты бойынша:

  • Әскери дайындық үшін – 16,7 млн. теңге;

  • Тарбағатай ауданы әкімдігінің ғиматында жылу жүйесін жөндеуге, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатуға – 19,9 млн. теңге қарастырылды.
    Полиция департаменті бойынша:

  • Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысына үстемақы (30%) қосу үшін – 282,2 млн теңге;

  • Қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері үшін 312,0 млн теңге және Самар аудандық полиция бөлімшесінің ғимаратын жөндеуге 7,0 млн теңге бөлу басшылыққа алынды.
    Ауыл шаруашылығы басқармасы бойынша:

  • Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасы инфекциясын таралуын болдырмау мақсатында мал қорымдарын салып, оларды күтіп ұстау үшін 88,8 млн теңге бөлінеді.
    Мәдениет басқармасы бойынша музыка және театр өнерін дамытуға – 33,6 млн теңге бөлінуі тиіс.

    Күн тәртібіндегі өзге де мәселелерді талқылау барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев комиссия құрамын өзгерту, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға қолдау көрсету, ауызсу, жер, жол, ұялы байланыс тақырыптарын қамтыды.

    – Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өскеменге келіп, ірі зауыттардың жұмысына оң бағасын берді. Ана мен бала орталығының да жағдайымен танысты. Жол мәселесіне келсек, қаражат шектеулі болғандықтан алдымен негізгі жолдардан бастау керек. Қай жерде қандай жол бар екенін білу үшін әкімдер тізім жасап, сол бойынша жұмысты бастай берген жөн, – деді Ермек Көшербаев.

Валентина ГЕОРГИЕВНА

Фотосурет облыс әкімінің баспасөз қызметінен