ШҚО металлургтері Тұңғыш Президентке алғыстарын жеткізді

359
көрілім

Өңірдегі алпауыт өндіріс компанияларының бірінің жұмысшылары Тәуелсіз Қазақстанның аз уақыт ішінде гүлдене түсуіне ықпал еткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын білдіруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

 «Қазцинк» ЖШС-нің атқарушы директоры Андрей Лазарев атап өткендей, Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында еліміз түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында топтап, тату-тәтті ғұмыр кешулеріне мүмкіндік жасады.

 – Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, іргесі сөгілгенде әрі қарай не болатынын жұрт болжай алмай, болашақты бұлыңғыр етіп елестетті. Десе де Нұрсұлтан Әбішұлы дұрыс бағыт таңдағанын сеніммен айтып, кейін ел-жұрт ешнәрсеге жалтақтамай соңынан ерді. Өз бағдарламасын, мемлекеттің даму стратегиясын ұсынды. Содан бері күллі қазақстандықтар бейбіт тудың астында ғұмыр кешіп келеміз. Бұл елде достықты бағалау басшылыққа алынған. Оның қолға алған жобасы кез келген Президенттің қолынан келе бермесі анық, – дейді ол.

Бұл пікірді «Қазцинк» ЖШС-дағы металл балқытушысы да қолдап, Елбасының елеулі еңбегінің арқасында өндіріс қарқыны күшейе түскенін жеткізді.

 – Барша металлургтер атынан айтарым, Тұңғыш Президентіміздің жүріп өткен жолына құрметпен қараймыз. Экономикаға, соның ішінде тау-кен өндірісіне айрықша мән берді. Осы уақыт аралығында өндірісте экологиялық, технологиялық талаптарға сәйкес келетін заманауи жабдықтар орнатылды. Осы үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Сабырбек Мәулетов