ШҚО нейрохирургтары үшкіл нерв невралгиясымен ауыратын науқастарды емдеудің жаңа әдісін үйренді

648
көрілім

Шеберлік сағаты аясында "Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасы" АҚ нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев өз білімі және тәжірибесімен бөлісті.

Ол өңірге "Президент істерін басқарудың медициналық орталығы күндері" аясындағы делегация құрамында келді. Облыстың жетекші нейрохирургі Дмитрий Недбайло өзінің алматылық әріптесіне көмектесті.
Марат Саршаев бірінші санатты нейрохирург дәрігер, нейроинтервент дәрігер. Ол ми тамырларына эндоскопиялық, эндоваскулярлық және микро нейрохирургиялық операциялар жасайды, ми мен жұлын ісіктерін, омыртқа патологиясын алып тастайды, жұлын мен тригеминальды ауырсынуды хирургиялық жолмен емдейді.
Шеберлік сынып барысында соңғы он жылда осы патологиядан зардап шегіп келген 56 жастағы науқасқа сәтті операция жасалды. Ол Алтай қаласынан келді.
"Науқастың беті,  жағы үнемі ауырып, мазасын алған. Бұл жерде ауырсыну ми тамырларының  үшкіл нервті жаншығанынан болған. Науқас ұзақ уақыт бойы ауырсынуды басатын күшті дәрілерді қабылдап жүре берген. Содан кейін  ағзасы үйреніп алғанда, дәрі-дәрмек ауырсынуға мүлдем әсер етпей қойған. Мастер-класс барысында алматылық әріптесіміз ми тамырын үшкіл нервтен ажыратып, олардың арасына төсеу салу әдісін көрсетті, - деп бөлісті облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімінің резиденті, болашақ нейрохирург Ғұмар Каденов.
Енді осындай патологиясы бар пациенттер облыстық мамандандырылған медициналық орталығында операция жасата алады. Бұл медициналық көмек МӘМС шеңберінде қолжетімді. Орталық дәрігерлерінің айтуынша, жыл сайын осындай проблемамен инновациялық медицина бөліміне ондаған пациент жүгінеді. Көбінесе пациенттер мұндай жағдайларда медициналық көмекке қайда бару керектігі туралы хабардар емес және қатты ауырсынуға шыдап жүре береді.
-Мұндай операцияларға замануи диагностикалық және операциялық жабдықтары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда, микрохирургиялық әдістемені меңгерген мамандардың болуымен ғана қол жеткізуге болады. Медициналық орталықта осының барлығы бар. Бұл жерде бөлімше дәрігерлерінің кәсіби біліктіліктерін, дағдыларын үнемі арттыруға ұмтылатыны қуантады, - деп қосты Марат Саршаев.