ШҚО обыр сырқатымен ауырғандар және көз жұмғандар саны бойынша алдыңғы үштікте тұр

421
көрілім

Семей қаласында қатерлі ісік аурулары туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында «Обырмен бірге күресейік» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда ШҚО бойынша обырмен ауыратындар саны азаймай тұр. Ақ халаттылар жыл сайын қатерлі ісіктің 1500 түрін анықтайды. Бұл туралы Семей қаласы Ядролық медицина және онкология орталығында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды.

Жалпы, республика бойынша 185 мың қазақстандықтан обыр сырқаты анықталған. Шығыс Қазақстан облысы – обыр сырқатымен ауырғандар және көз жұмғандар саны бойынша алдыңғы үштікке ілінген.

Дәрігер-онкологтардың мәліметінше, өңірде жыл сайын бауыр обыры, ұйқы безі, бүйрек және өкпе обыры бар науқастардың 20-40 пайызы дерттің соңғы сатысына жеткен кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Ауруды асқындырып алған жағдайда емделу мүмкіндігі де өте төмен болатыны белгілі.

Орталық басшысы Марат Сандыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта пациенттер скринингтен тегін өтіп, хирургиялық, сәулелік және химиятерапияны, паллиативтік және мамандандырылған терапиялық көмекті тегін ала алады.

- МӘМС жүйесі бойынша қатерлі ісікті емдеу тегін және қолжетімді. Егер сырқаты ерте анықталған жағдайда емдеу әдістерімен жақсы нәтижеге қолжеткізуге болады. Тек тексерілуден жүрексінбеу керек, - дейді Марат Сандыбаев.

Айта кетерлігі, елімізде қазір обырды ерте анықтау және скринингтен уақытында өту қажеттілігі туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында онкүндік өтіп жатыр. Аталған шара 10 ақпан күні аяқталады.