ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, өлім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан республикада екінші орында. Бұған ауруханалардың ескірген құрал-жабдықтары мен тозығы жеткен емханалардың жағдайы себепші, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанға сапары кезінде Өскемен қаласындағы роботтандырылған хирургия орталығына келіп, дәрігерлермен жүздескен еді.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, басқа облыстарда істелмеген жұмыстар Шығыста атқарылуда. Сонымен қатар, кездесу барысында жоғары өлім көрсеткіші мен жабдықтардың тозғаны айтылды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров ШҚО адам шығыны көп жеті облыстың ішінде екінші орында екендігін сөз етті. Бірінші орында Солтүстік Қазақстан.
Облыстағы медициналық жабдықтардың 68 пайызы ескірген. Бұл көрсеткіш СҚО-да 73,9 пайызды құраса, жалпы орташа көрсеткіш 56,4 пайыз. Ал, қондырғылармен жабдықтау бойынша республикада алдыңғы қатарда, 84 пайыз. Бұл ретте тек Павлодар облысына жол берді. Медицина кадрлары саны жөнінде 10 мың тұрғынға 31,6 маман.
– ШҚО әкімдігінің материалды-техникалық базаға көп көңіл бөлетіндігін білеміз. Алайда жүргізген сараптама нәтижесінде ғимараттардың әбден ескіргені байқалды. Емханалардың жабдықталуы да сұрақ туғызады, – деді Камалжан Надыров.
Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі денсаулық сақтау саласына бөлінген мемлекеттік қаржының дұрыс бағытта жұмсалуын қатаң қадағалайтын болады.
ШҚО-дағы тұрғындарға қажетті медициналық мекемелердің бірі балаларға арналған қайта оңалту орталығы. Мамандардың мәліметінше, облыста 0 жастан 16 жасқа дейінгі 343 147 бала бар. Оның 4418-і мүмкіндігі шектеулі. Олар үшін көпсалалы ауруханаларда тек жеті қайта оңалту орны жұмыс істейді.