ШҚО Өнер музейінде ерекше сурет көрмесі ашылды

324
көрілім

ШҚО Өнер музейінде «Жыл мезгілдері. 10Х15» атты қылқалам туындылары көрмесі ашылды. Суреттердің авторы – суретші, сәулетші, ерекше кескіндеме өнерінің шебері Василий Бильковтың туындылары келушілердің көзайымына айналды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қала мен табиғат, адам мен қоршаған ортаның арасындағы ерекше үндестікті бейнелеп жүрген Василий Бильков шығармашылығы көрерменге жол тартты. Мамандығы сәулетші болған соң өмірді жан-жақты қырынан байқап бейнелеу Бильковтар отбасына таңсық емес. Автордың бала күні шығармашылық өмірге ерте араласуына ықпал еткен.

Құрбы-достары мен жақындары Василий Бильковтың жас күнінен ерекше талантты, ізденімпаз болғанын айтады. Көрмеге жиылған мектеп оқушылары, қала қонақтары мен шәкірттері де өз таңданыстары мен толғаныстарын жасырып қалған жоқ.

Көптің көңілінен шығатын мұндай шараларды ұйымдастырған музей қызметкерлері де алғыстан тыс қалмады.

- Ерекше өнер, талайды тамсандыратыны белгілі. Бүгінгі қабырғада ілулі тұрған туындылар солардың дәлелі іспетті. Сондықтан бұл көрме көпшіліктің игілігіне айналса дейміз,- деп атап өтті музей қызметкері Таунар Қайрат.

Василий Витальевич өз шығармашылығымен тек сурет емес, поэзия мен философиялық қырынан да танылады.

- Мен өнерді біржақты түсінбеймін. Ол адам қиялы сияқты шексіз. Жүрегімен сезіне білген адамға пейзаж бен миниатюралардан да поэзия мен философияның иісі аңқып тұрады,- деп ағынан жарылды қылқалам шебері.

Айта кетейік, 10 маусымға дейін келушілер үшін көрме есігі ашық.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ