ШҚО Өнер музейінде Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Гүлнәр Бекбердинованың «Менің әлемім» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге қылқалам шеберінің қарағанда көз құмарың қанатын 40 туындысы қойылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Гүлнәр Мигражқызы 1964 жылы Көкпекті ауданы Көкжайық ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан соң ол Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде арнайы білім алады. 17 жыл бойы Семейдің Абай атындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік мұражайында жұмыс істеп жүріп, жеке шығармашылығын шыңдай түскен. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай қорығында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етуде.
Жуықта облыстық Өнер музейінде Гүлнәр Бекбердинованың «Менің әлемім» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл көрменің осылай аталуы да тегін емес. Суретшінің қолынан шыққан әр туындысынан оның ішкі жандүниесін, сезімталдығын, туған жерге, табиғатқа деген махаббатын, өзіндік ерекше әлемін көресің.
– Жастайынан сурет өнерін өміріне серік еткен Гүлнәр Мигражқызы қос кәсіпті меңгеріп, бейнелеу өнері мен мұражай ісінде кәсіби маман бола білді. Ол – қазақ қолөнерінің зерттеушісі және білгірі. Күнделікті жұмыс орнында үстіне ұлттық киім киіп, өзгелерден ерекшеленіп жүреді. Өзінің қажырлы еңбегі мен талантының арқасында ҚР суретшілер одағының мүшелігіне қабылданған. Шығармашылығының негізгі тақырыбы – ұлттық салт-дәстүр, әдебиет пен мәдениет. Суретші үшін әр бояудың маңызы зор. Әйел жаны нәзіктік пен сұлулықтан жаратылған ғой. Сондықтан Гүлнәр Бекбердинованың қызғылт түске деген қызығушылығы тегін емес. Суық реңктерден ол көбінесе күлгін түсті пайдаланады, – дейді ШҚО Өнер музейі директорының міндетін уақытша атқарушы Роза Жылқышыбаева.
Көрмеге келушілерге қылқалам шеберінің 40 туындысы ұсынылған. Оның әрқайсысының өзіндік шығу тарихы, мән-мағынасы бар. Мысалы Оралхан Бөкейдің өз әжесі жайлы жазған әңгімесін оқып, ерекше сезімге бөленген суретші «ұршық» атты туындысын дүниеге әкелді.
Ұршық
– Жеке көрмемнің ашылуына мұрындық болған Өнер музейіне алғысымды білдіремін. Бұл көрмеге соңғы 6-7 жылда салған суреттерім қойылды. «Жанұя. Берекелі дастарқанда» атты туындым арқылы отбасы құндылықтарын, жанұя мүшелерінің бір-біріне деген мейірбандылығын, махаббатын көрсеткім келді. Қазір өкінішке қарай, ажырасып жатқан ерлі-зайыптылар, түсік жасататын қыз-келіншектер көбейіп кетті. Бұрындары шаңырақтың шайқалып, жұбайлардың бір-бірінен теріс айналуы сирек кездесетін. Осыны ойлап отырып бірлігі жарасқан көпбалалы отбасыны бейнеледім, – дейді Гүлнәр Бекбердинова.
Жанұя. Берекелі дастарқанда
Айта кету керек, көрме маусым айының 11-іне дейін жалғасады. Ниет білдірушілер Тоқтаров көшесі, 56 мекенжайында орналасқан ШҚО Өнер музейіне барып көрмені тамашалай алады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ