ШҚО палуандары ауыл спортшылары арасындағы ел чемпионатында бес медаль иеленді

776
көрілім

Еркін күрес палуандары бес салмақта жүлдегер атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алматы облысының Сарқанд қаласында өткен жарыста шығысқазақстандық палуандар жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді. Мейірбек Байжанов бастап барған спортшыларымыз тыңғылықты әзірлік жүргізгендіктерін бірден-ақ байқатты. Әсіресе, осыған дейін де ұдайы жүлдегер атанып жүрген жармалық Бекзат Сыбанбай айтарлықтай сенімді белдесті. Әр кездесуін айқын жеңіспен аяқтаған ол 65 келіге дейінгі салмақтың чемпионы атанды. Қос бірдей күміс медаль иеленген Нияз Тоқанов (51 келі) пен Аслан Шаяхметов (55 келі) те жаттықтырушылар нұсқаулығын бұлжытпай орындады. Бұдан бөлек, 60 келіге дейінгі салмақтағы Азамат Түсіпбеков пен 80 келіге дейінгі дәрежедегі Алдияр Тоқанов қола медальға қол жеткізді.


Жалпыкомандалық есепте 174 ұпай жинаған Түркістан облысы топ бастады. Одан кейінгі сатыға Алматы облысының палуандары жайғасса, 128 ұпай иемденген шығысқазақстандық спортшылар үздік үштікті қорытындылады.