Ертең Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен кадеттер арасындағы құрлықтық чемпионат басталмақ. Грек-рим күресі шеберлері арасында шығысқазақстандық палуандар бар, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Үш күнге жалғасатын байрақты бәсекені өткізу құрметі биыл елордаға жүктелген екен. Естеріңізге сала кетейік, қатысатын командалар арасында Нұр-Сұлтанға алғаш болып жапондық жас «классиктер» келген болатын. Олардың ішінде бірнеше Азия және Әлем чемпионатының жүлдегерлері бар көрінеді. Алайда кілем иелері де осал құраммен өнер көрсетейін деп тұрған жоқ. Оның ішінде, 51 келідегі Исхар Құрбаев есімді жерлесімізге жүлдегер атану мүмкіндігі туып отыр. Кадеттер арасындағы Әлем чемпионатының қола, Азия чемпионатының күміс жүлдегері сол жетістігін жаңарта түсуіне мүмкіндігі зор. Одан бөлек, 60 келідегі Мерей Мәулетханов та жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қоласын иеленіп үлгерген өрен.
Айта кетейік, аталмыш додада ел құрамасы 10 салмақта өнер көрсетеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ