Елімізде өтетін күрес түрлерінен Әлем чемпионатына санаулы күндер қалды. Бүгінде еркін күрес шеберлерінің кімдермен белдесулер өткізіп жүргендері белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қазір палуандар соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Prosports.kz дерегіне сенсек, бұл соңғы үшінші оқу-жаттығу жиыны екен. Осы орайда табанды тер төгуде отандастырымызбен кімдер қоян-қолтық әзірлік жүргізіп, сапалы дайындық өткізуге септігін тигізіп жатқан спортшылар есімі мәлім болды. Атап айтсақ, 57 келіде Рахман Минтуллаев, 65 келіде Шамиль Омаров, жерлесіміз Данияр Қайсанов белдесіп жүрген салмақта (74 келі) атағы бір басына жететін Магомедхабиб Кадимагомедов, 86 келіде Хабиб Гаджиев, 97 келіде Расул Магомедов, сонымен қатар риддерлік Олег Болтин өнер көрсететін 125 келіде Магомедамин Дибиров сынды күрестен қара жаяу емес дағыстандықтар бірге жаттығу жүргізуде. Осы орайда Ұлттық құрама бас бапкерінің кеңесшісі Майрбек Юсупов те ойын ортаға салды:
– Өздеріңізге мәлім, АИБА спорт базасындағы дайындыққа алты дағыстандық палуан келген еді. Барлығының тәжірибесі толысқан, біршама жетістікке жеткен жігіттер. Осының бәрін ескере келе палуандарымыз байрақты бәсекеге жан-жақты дайындықпен келеді деген сенімдемін, – дейді ол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ