Республикалық турнир 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еліміздің спорт қайраткері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің құрметіне өткізілген бәсекеге республиканың әр өңірінен халықаралық ареналарда шыңдалып, жастар арасында жарқын белдесулер көрсетіп жүрген кіл мықтылар жиналды. Әдеттегідей, облыс палуандары да артынып-тартынып, Талдықорғанға арнайы атбасын бұрды. Жалпысында, елордалық және Ақтөбе облысының палуандары сенімді белдесу көрсетті. Шығысқазақстандық спортшыларға топ жару мүмкін болмады. Дегенмен бірнеше салмақта фаворит саналғандары рас. Жасөспірімдер, жастар, кейін ересектер арасында бапкерлер көзіне іліккен ақжарлық Олжас Олжақанов шешуші сынға дейін жетті. 65 келіге дейінгі салмақта алтын медальға сынық сүйем қалғанда сүрінген палуан Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Ілияс Аманжоловқа есе жіберді.
Катонқарағайлық Досжан Әсетов (70 келіге дейін) пен елордалық Санжар Досжанов арасындағы трилогияда Санжардың асығы алшысынан түсті. Естеріңізде болса, осыған дейін екі белдесудің екеуінде де жерлесіміз айқын жеңіске жеткен-тұғын. Осымен қоржында әзірге екі күміс медаль.
Келесі болып Көкпекті ауданының тумасы Шыңғыс Мұхаметқалиев (74 келіге дейін) бозкілемге беттеді. Шешуші сынға шыға алмады. Сыралғы қарсыластары да Шыңғыстың әдіс-тәсілін әбден зерттеген екен, алысып бақты. Финалға шыға алмаса да, қола медаль үшін өткен белдесуде мүмкіндігін мүлт жібермеді. Соңғы болып, үшінші күміс медальға 92 келіге дейінгі салмақтағы Нұрдәулет Бекенов қол жеткізді.