Жерлестеріміз Павлодар қаласында мамандандырылған мектеп-интернат колледждері бойынша еркін күрестен 2003-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс палуандарының аталған сайыста алтын медальді көптеп иеленуі бапкерлік құрамның бірлесе атқарған жүйелі жұмыстарының жемісі десек артық айтпағанымыз. Оның ішінде, білікті жаттықтырушы Роллан Көксегенов бастап барған палуандар бас-аяғы сегіз медаль еншіледі. Чемпионаттың алғашқы күнінде-ақ 71 келіде белдескен Ілияс Ерболатов пен 60 келідегі Мұхамедәли Қабимолдинов алтын медальді қанжығаға басты. Одан кейін 45 келіде Диас Мұратбеков қарсыласына жартылай финалда жол беріп, қола медальға қол созды.
Келесі күні талай елішілік додаларда жүлденің алдын бермей жүрген Дарын Әскербектің айдарынан жел есті. 48 келіде белдескен жерлесіміз барлық белдесуін айқын жеңіспен аяқтады. Бұдан кейін үш бірдей күмісті Нұрсұлтан Советхан (35 келі), Айзат Қожанжаров (55 келі) және Жеңіс Қаныбеков (65 келі) қоржынға салса, қола жүлде 35 келі салмақтағы Алан Оралбекке бұйырды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ