Өскеменде еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Жарыс барысында жергілікті палуандар жарқын белдесулер көрсетті деуге толық негіз бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бозкілем қожайындары кезекті мәрте ауқымды аламанды жоғары деңгейде өткізді. Онымен қоса палуандар да жарады. 70 келі салмақтағы финалдық белдесуді тілге тиек етпесек болмас. Катонқарағайлық Досжан Әсетов өзінің сыралғы қарсыласы алматылық Санжар Досжановпен жолықты.
Расымен де бір-біріне лайық палуандар. Өткен жылы Әсетовтың Санжарға ұтылғаны бар. Бұл жолы жеңіске деген жігер жерлесімізді қамшылай түскені белгілі. Алдымен Досжан артқа шығып, есепте алға шықты. Бұдан кейін Санжар да тиісті ұпайын алды. Десе де белдесу соңына қарай шығысқазақстандық палуан Досжановты иіріп әкеліп, жауырынын жерге тигізді. Таза жеңіс! Сөйтіп, 70 келіде Айдос қола, Досжан алтын медальға иелік етті.
Ал чемпионат соңына қарай 65 келі салмақтың жұбаныш белдесулері басталды. Бұл жерде жерлесіміз Әсет Бауыржанов алдымен қарағандылық Асылжан Тоқтаржанұлын, кіші финалда жамбылдық Диас Талғатұлын ұтып, жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Шешуші сында атыраулық Сырбаз Талғат пен Тарбағатай ауданының тумасы Олжас Олжақанов алтын медальды сарапқа салды.
Олжастың ақтық сынға шығуының өзі аз жетістік емес. Алайда қарсыласы да біршама тәжірибелі еді. Одан қаймыққан Олжас жоқ. Сырбаздың әр қимылын бақылап, шабуылын ерте күтіп алып жатты. Дегенмен жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері алма-кезек ұпайлар алып, есепте алға озды. Қорытынды есеп 5:2, Олжас Олжақанов ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Сөйтіп, ақпанның 23-сі күні болған ел чемпионатының қорытындысында бозкілем қожайындары 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға ие болды. Екі күннің нәтижесін қоссақ, шығысқазақстандықтардың қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 5 қола. Мұндай көрсеткіш палуандарымызға жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеуге мүмкіндік берді.
Назарларыңызға ел чемпионатында үздік шыққан спортшылар тізімін ұсынамыз:
57 келі салмақ қорытындысы
1. Мейрамбек Қартбай (Ақтөбе облысы)
2. Дәулет Теміржанов (Ақмола облысы)
3. Еламан Қадырсейіт (Алматы қаласы)
3. Рахат Қалжан (Жамбыл облысы)
61 келі
1. Асыл Айтақын (Алматы қаласы)
2. Акбар Құрбанов (Алматы облысы)
3. Адлан Асқаров (Алматы облысы)
3. Мұхтар Сейітов (ШҚО)
65 келі
1. Сырбаз Талғат (Атырау облысы)
2. Олжас Олжақанов (ШҚО)
3. Әсет Бауыржанов (ШҚО)
3. Азат Оганесян (Қарағанды облысы)
70 келі
1. Досжан Әсетов (ШҚО)
2. Санжар Досжанов (Алматы қаласы)
3. Айдос Жылқайдаров (ШҚО)
3. Қуаныш Дүйсенқұл (Алматы қаласы)
74 келі
1. Нұрғожа Қайпанов (СҚО)
2. Дархан Есенғали (Алматы қаласы)
3. Рамазан Жауынтаев (Қызылорда облысы)
3. Дәулет Ергеш (Жамбыл облысы)
79 келі
1. Мейір Көшкінбаев (Нұр-Сұлтан қаласы)
2. Мұратбек Мажитов (Ақтөбе облысы)
3. Тілек Қабыкенов (ШҚО)
3. Ерназар Асқар (Шымкент қаласы)
86 келі
1. Жақсыбек Қарабалаев (Маңғыстау облысы)
2. Алан Дзицоев (Жамбыл облысы)
3. Есқали Дәулетқазы (Алматы облысы)
3. Владислав Микалайчук (Қарағанды облысы)
92 келі
1. Бекзат Үркінбай (Нұр-Сұлтан қаласы)
2. Абылай Совет (Алматы облысы)
3. Думан Идрисов (Алматы қаласы)
3. Нұрасыл Жеткерген (Қызылорда облысы)
97 келі
1. Серік Бақытханов (Қарағанды облысы)
2. Юнус Гафуров (Жамбыл облысы)
3. Нұркен Кубейсінов (Ақтөбе облысы)
3. Алмас Жүніс (ШҚО)
125 келі
1. Бақдәулет Өсербай (Түркістан облысы)
2. Нұрсұлтан Азов (Ақмола облысы)
3. Самат Тәжі (Қызылорда облысы)
3. Оразбай Сәдібек (Шымкент қаласы)
Әділхан ЕСІМХАНОВ