Жерлестеріміз грек-рим күресінен Францияда өтетін Анри Дегланды еске алуға арналған халықаралық турнирде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық құрама сапына 3 палуанымыз еніпті. 72, 82, 87 және 130 келі салмақтардан бөлек, барлығында екі-үш палуаннан күреспек. Жүлде үшін жарыс жолына шығатын спортшылар саны – 19. Ресми күрес парақшасы дерегіне сүйенсек, 60 және 63 келі дәрежесінде семейлік ағайынды Фидахметовтер (Ернар – 60, Ернұр 63 келіде) өз мүмкіндіктерін байқайды. Одан бөлек, 67 келіге дейінгі салмақта үржарлық Алмат Кебіспаев ел қоржынына медаль әперуге тырыспақ. Алайда Кебіспаевтың соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласының атынан өнер көрсетіп жүргенін айта кетейік.
Аталмыш сайыс қаңтардың 18-19 күндері Францияның Ницца қаласында өтеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ