ШҚО палуандары Конфедерация кубогінің ақтық сынына шықты

550
көрілім

Еркін күрес шеберлері былтырғы жетістігін қайталауға бір табан жақын. Жерлестеріміз жуырда Қостанай қаласында өткен іріктеу сындарынан іркілмей өтіп, ақтық сынға жолдама алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бас бапкер Асқар Мұқышев баптайтын палуандарымыз алдымен жамбылдық спортшылармен жолығып, 4:2 есебімен тізе бүктірді. Екінші айналымда кілем қожайындарымен есеп 3:3 болып, белдесу сапасына қарай жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Сондай-ақ үшінші белдесу солтүстікқазақстандықтармен өтіп, палуандарымыз 6:0 есебімен еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, биыл да бәрінен бір бас жоғары болуға бекінген Шығыстың спортшылары желтоқсан айында Алматыда өтетін Конфедерация кубогінің ақтық сынында өнер көрсетпек.

Қуаныштысы сол, биыл ересектер арасында алғашқы белдесулерін өткізсе де 57 келідегі Мұхамед Балғабай, 79 келідегі Айбар Жылқайдаров сынды жастардың да аяқ алысы айтарлықтай сенімді көрінді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ