Еркін күрес палуандары Түркия жерінде жүлдегер атанды. Анталья «Champions» турнирінде белдескен үш спортшының үшеуі де тұғыр сатысына жайғасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәжірибелі жаттықтырушы Қуаныш Қабдықалықов бастап барған жерлестеріміз орта есеппен алғанда 4-5 белдесуден өткізді. Барлығы жеті мемлекеттен барып, жүлделі орындар сарапқа салынды. Осыған дейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен турнирде медаль алған тарбағатайлық ағайындылар Олжас Олжақанов (65 келі) пен Ілияс Ерболатов (74 келі) бұл жолы да қарсыластарын қапыда қалдырды. Шешуші сында грузин спортшысын 10:0 есебімен ұтқан Олжас чемпион атанса, Ілияс финалда түрік палуанына 4:5 есебімен есе жіберді.
Тағы бір жүлдені мақаншылық Нұрдәулет Бекенов иеленді. 92 келіге дейінгі салмақта күрескен ол жартылай финалда грузин спортшысына жол беріп, әрі қарай кіші финалда өз мүмкіндігін мүлт жібермеді.
– Олжасқа жартылай финалда Әзірбайжан өкілімен өткен кездесу қиынға түсті. Жалпысында әрбірі сапалы белдесті, – деді Қуаныш Қабдықалықов.
Былтыр аталған жарысқа тағы бір тарбағатайлық палуан Әсет Бауыржанов қатысып, қола жүлде иеленген еді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ