ШҚО палуандары жастар арасындағы ел чемпионатында жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленді

1140
көрілім

Кеше Өскеменде өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатының үшінші жарыс күні мәресіне жетіп, төрт салмақ дәрежесінде үздіктер есімі белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сайыстың алғашқы екі күні шығысқазақстандық спортшылардың қоржынында бір алтын, бір күміс және екі қола медаль болды. Әлбетте, жерлестеріміз осы жүлделермен шектеліп қалмайды деген сенім мол еді. Себебі қашан да шығысқазақстандық палуандардың оң жамбасына келетін 74, 79 келіге дейінгі дәрежелерде жүлде алып, тұғыр сатысына көтерілер деп сеніп артар спортшылар жоқ емес-тін. Бапкерлер ағайынды Жылқайдаровтар, Тілек Қабыкенов, Нұрдәулет Бекенов сынды палуандардың жолына үмітпен қарады. Дегенмен солардың арасында жолындағысын ығыстырып, әр кездесу сайын қарқын қосқан Айдос Жылқайдаров қана алтын медальға таласу мүмкіндігіне ие болды. Айдос былтыр дәл осы жарыста 70 келіге дейінгі дәрежеде қола жүлдегер атанған-тұғын. Биыл жаңа салмаққа ауысып, бірден финалға жолдама алды. Иә, тамаша нәтиже! Қоржында кемі күміс медаль бар, алайда соны алтынға айырбастай ала ма? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Айдос пен ақтөбелік Әкежан Әбдіхамиттің белдесуін тамашалау қажет болды. Сағат шамамен кешкі сағат 18:40. Бар назар ортаға ауды. Екі спортшы бозкілемге шығып, шешуші белдесу алдында бапкерлер кеңесіне құлақ түріп ортаға беттеді. Төреші ысқырығынан соң бірден білектерінен тартысып, сәті түссе аяққа өтуге тырысты.

Алайда айқын басымдыққа ие болып, мол ұпайға қол жеткізудің реті келмеді. Әкежан сақ, артық қимылға барар емес. Тіпті бір сәтте Айдосты тықсыра, бозкілем шетіне шығарып жіберді. Оған бір ұпай алды. Қорғанысы да сыр берер емес. Риддер қаласының тумасы Айдос асыра лақтыруға талпынып еді, әдісі нәтижесіз шықты. Бұдан соң белсенділігі үшін Әкежанға тағы бір ұпай берілді. Иә, жерлесіміздің жағдайы қиындап барады. Секундтар сырғыған сайын алтын медальдің ауылы алыстай түсті. Белдесудің бітуіне 30 секунд қалды. Жылқайдаров ақтөбелік спортшының осал тұсын таба алмай әбірге түсті. Соңғы секундтар қалғанда Айдос шабуылды күрт күшейтіп, кемі артына шығып екі ұпай еншілегісі келді. Бес, төрт, үш… Айдос бар күшін бойына жинап, Әкежанды иығынан асыра лақтырып, онысы екі ұпайға бағаланды. Бітті! Уақыт та аяқталды. Алтын медаль риддерлік палуанның еншісінде.

Оның алдында 70 келіде Досжан дес бермеген еді, кеше Айдостың алдын орайтын ешкім болмады. Бұдан соң 79 келі салмақта қола медаль үшін тағы бір жерлесіміз Тілек Қабыкенов өз мүмкіндігін байқады. Тілек те әу баста осы салмақтағы фавориттердің бірі саналды. Дегенмен финалға жете алмады. Кіші финалдағы қарсыласы шымкенттік Әбдіқадыр Әбдігабардан айласын асыра алмай, жеңілістің кермек дәмін татты. Шамасы жетіп-ақ тұр… дегенмен болмашы қателік қола медальдан қол үзуге мәжбүрледі. Дей тұрғанмен 92 келі салмақта жерлесіміз Нұрдәулет Бекенов 79 келіде бұйырмаған медальды өз белдесуінде уыстан шығармады. Алматы облысының палуанын 6:1 есебімен айқын ұтып, қоржынын қола жүлдемен толықтырды.

Кейін төрешілер тарапы жалпыкомандалық есепте қай өңірдің көш бастағанын анықтады. Бірінші орын Ақтөбе облысына, екінші орын Жамбыл облысына, сондай-ақ үшінші орын ШҚО палуандарына бұйырды. Екі алтын, бір күміс және үш қола медаль еншілеген жерлестерімізді биылғы бәсекені біршама сәтті тәмамдады десек артық айтпаспыз.

Назарларыңызға чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің толық нәтижесін ұсынамыз:

57 келі

1. Мейрамбек Картбай (Ақтөбе облысы)

2. Еламан Қадырсеит (Алматы қаласы)

3. Ерасыл Мұхтарұлы (Алматы облысы)

3. Рахат Қалжан (Жамбыл облысы)

61 келі

1. Асыл Айтақын (Шымкент)

2. Мухтар Сеитов (ШҚО)

3. Жахонгир Ахмаджанов (Шымкент қаласы)

3. Балғабай Мұхамед (ШҚО)

65 келі

1. Әділ Оспанов (Қарағанды).

2. Бекзат Ермекбай (Шымкент).

3. Яссауи Мұхтарұлы (Алматы).

3. Әуез Сейтбаев (Алматы).

70 келі

1. Досжан Асетов (ШҚО).

2. Санжар Досжанов (Нұр-Сұлтан).

3. Самат Қалтаев (ШҚО)

3. Қуаныш Дүйсенқұл (Алматы).

74 келі

1. Айдос Жылқайдаров (ШҚО)

2. ӘкежанӘбдіхамит (Ақтөбе)

3. Әмірханұлы Әділхан (СҚО)

3. Нұрдәулет Қуанышбай (Жамбыл обл).

79 келі

1. Дәулет Ергеш (Жамбыл обл).

2. Бейбарыс Нурыллаулы (Ақтөбе).

3. Нұралы Саден (Жамбыл обл)

3. Әбдіқадыр Әбдігабар (Шымкент)

86 келі

1. Владислав Микалайчук (Қарағанды облысы)

2. Исламбек Ильясов (Павлодар облысы)

3. Муратбек Мажитов (Ақтөбе облысы)

3. Данияр Мелдебек (Шымкент қаласы)

92 келі

1. Алан Дзицоев (Жамбыл обл).

2. Әкежан Айтбек (Алм обл).

3. Бекзат Үркімбай (Нұр-Сұлтан)

3. Нұрдаулет Бекенов (ШҚО)

97 келі

1. Юнус Гафуров (Жамбыл обл)

2. Нұркен Көбейсінов (Ақтөбе).

3. Сержан Елеусіз (Шымкент).

3. Абылай Совет (Алматы обл)

125 келі

1. Әлiбек Сәрсенғалиев (Маңғыстау обл)

2. Нұрсұлтан Азов (Ақмола обл)

3. Серік Бахытханов (Қарағанды облысы)

3. Ақжігіт Арысбек (Түркістан обл)

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттер автордікі