Талдықорған қаласында өткен V жастар ойынында грек-рим күресінің шеберлері сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мереке Еркешов, Мәди Жарболов баптап апарған спортшыларымыз Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай өткізілген сайыста екі алтын, екі қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте де ойдағыдай өнер көрсетті. Қазіргі уақытта жастар арасында 60 келінің тізгінін өз қолына алған Нұрсұлтан Базарбаев бұл жолы да биігінен түспеді. Шешуші сында Алматы облысының палуанына қарсы өткізген кездесуі көрермен көңілінен шығып, иығынан асырып лақтыру әдісімен жұртшылық назарын аударды. Дәл осы салмақта Аягөз ауданының тумасы Айбек Сабырбеков қола медальға қол жеткізді. Алматы облысының қоржынына тағы бір медаль түсуі мүмкін еді, алайда бұған тағы бір жерлесіміз мүмкіндік бермеді. 63 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттеген Диас Әскербай жолындағысын тегіс ығыстырып, финалда Айбек Есмұратовтың осал тұсын тапты. Екінші қола медальді 67 келіде өнер көрсеткен Елдос Камалиев иемденді.
Талдықорған қаласында өткен сайыста «классиктеріміз» жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.