Данияр Қайсанов, Расул Қалиев, Олег Болтин… Осы аталған үш оғлан елордада өтетін күрес түрлерінен Әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бапкерлік құрам тамыздың 13-і күні елімізде өтетін байрақты бәсекеге төрт салмақта іріктеу жасаған еді. Атап айтсақ, 65 келі, 86 келі, 92 келі және 125 келі. Соның ішінде 86 келіде семейлік Азамат Дәулетбеков жолдама алу үшін алматылық Әділет Дауланбаевпен күш сынасты. Спортшылар екі жеңіске дейін белдесті. Ресми күрес парақшасы дерегіне сүйенсек, табанды текетірес нәтижесінде алматылық палуан басым түсті. Алғашқы белдесу – 5:4, екіншісі – 8:5 есебімен аяқталып, Дауланбаев 86 келіде ел намысын қорғайтын болды. Ал тағы бір кездесуде Олег Болтин ақтөбелік Юсуп Батырмырзаевтан басым түсіп, Ұлттық құрама сапынан орын алды. Ал оған дейін 61 келі мен 74 келі дәрежесінде жармалық Расул Қалиев пен көкпектілік Данияр Қайсанов жолдама алып қойған болатын.
Осылайша қыркүйектің 14-22 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін күрес түрлерінен Әлем чемпионатында үш салмақта шығысқазақстандық спортшылар өз мүмкіндіктерін байқайды. Айта кетейік, жерлестеріміздің ойдағыдай оқу-жаттығу жиындарын өткізуде облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясы басшылығының қолдауын айта кетпеске болмас.
Әділхан ЕСІМХАНОВ