Жерлесіміз Ернұр Фидахметов Үндістан астанасы Нью-Делиде өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көріне алмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семейлік Ернұр Фидахметов Нью-Дели бозкілемінде 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Алайда соқыр жеребе Ернұрды алғашқы айналымды қандасымыз, талайдан бері Өзбекстан елінің намысын қорғап жүрген Елмұрат Тасмұрадовпен жолықтырды. Белдесу Тасмұрадовтың пайдасына шешілді. Алғашқы айналымда жерлесімізді жеңген ол ақтық сынға да аптықпай шықты. Бұл ретте Ернұр жұбаныш белдесуінде жарыс қожайыны Сачин Рананы 6:3 есебімен тізе бүктірді. Әрі қарай қола медаль үшін белдесу қажет. Сөйтіп кіші финалда ирандық Мейсам Далханимен шеберлік байқасты. Алып ұратындай-ақ мүмкіндігі бар еді, алайда қарсылас қорғанысы да сыр бермеді. Қорытындысында 2:0 есебімен Далхани дегеніне жетіп, Фидахметов бесінші орынмен шектелді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ