ШҚО палуаны Әлем чемпионатына қатысты жоспарымен бөлісті

514
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Еркін күрестен Ұлттық құрама мүшесі риддерлік Олег Болтин елордада өтетін Әлем чемпионаты алдындағы әзірлігі жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Алыптар арасындағы белдесуде жерлесімізге оңай соқпасы анық. Саралай келсек, кіл мықтылар: грузиялық Гено Петриашвили, Түркияның үздігі Таха Акгуль, Аспанасты елінің үкілеген үміті Денг Живей… тағысын тағы. Осы ретте жүлде үшін талас жүргізудің қамымен Олег Болтин шеберлігін Жапонияда пысықтауда. Zakon.kz сайтына берген сұхбатында алға қойған мақсаты, әзірлік барысы жайлы ойын ортаға салған болатын.

– Бұл жақтағы оқу-жаттығу жиынымыз екі аптадай мерзімге созылуда. Кейбір олқылықтардың орнын толтырып, белдесулер өткіздік. Бұл жерде 10-ға тарта мемлекеттің құрамалары дайындық жүргізуде. Жеке бапкерлеріміз де білгенін айтып, бағыттарын беріп жатыр. Қатты қобалжу сезілмейді. Бір жағынан достарым мен жақындарым да билет алып, келіп қолдау танытпақ. Тек оларды емес, барша қазақ жанкүйерін жүлде алып қуантсам деймін. Жапонияда жиі дайындаламын. Жергілікті халықтың ауыз толтырып мақтанатын палуандары жетерлік. Солармен қоян-қолтық жұмыс істеп, жоғары дайындықпен келуім тиіс, – деді риддерлік спортшы.

Естеріңізге сала кетейік, Олег Болтин соңғы уақыттарға дейін өзінің Әлем чемпионатына қатысу-қатыспау жағын білмеген еді. Тек қорытынды белдесуден кейін құрама сапына алынған. Ақтөбе облысының өкілі Юсуп Батырмұрзаевпен болған кездесуде жалпы есепте 2:1 есебімен ұтып, жеңісті жұлып кетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ